Әһлі сүннет сенімі бойынша ізгі амалдардың және Құранның сауабын марқұмдарға бағыштауға болады. Имам Тахауи өзінің «әл-Ақида әт-Тахауия» кітабында: «Тірілердің дұға-тілектері мен садақалары өлгендерге пайда береді. Алла Тағала дұға-тілектерді қабыл етеді, құлдарының қажеттіліктерін өтеп береді» [1], – деп келтірген. Имам Аш-Шурунбуләли былай дейді: «Қабірді зиярат еткен адам «Ясин» сүресін оқуы – мустахаб (сауапты іс). Хадисте: من دخل المقابر فقرأ سورة يس خفف الله عنهم، وكان له بعدد من فيها حسنات «Кімде-кім зиратқа кіргенде «Ясин» сүресін оқыса, Алла Тағала олардың (марқұмдардың) сол күнгі азабын жеңілдетеді және оқыған адамға зираттағы адамдардың санындай сауап береді»[2], – делінген. Әһлі сүннет уәл-жамағат сенімінде – мұсылман кісі намаз, ораза, қажылық, садақа, Құран, зікір (Алланы дәріптеу) және басқа да ізгі істердің сауабын (тірі немесе қайтқан) өзге мұсылманға бағыштай алады»[3]. Енді оқыған Құранның немесе түсірген хатымның сауабы бағышталған адамдардың әрқайсысына толықтай бір хатымның сауабы болып тие ме әлде өзара бөліне ма? Бұл мәселеге қатысты ибн Абидин былай дейді: «Мұсылман адам ізгі амалының сауабын өзгеге бағыштағанда барлық мүмін ер мен әйелдің атын атағаны дұрыс. Өйткені олардың әрбіріне сауап тиеді әрі біреуінен де сауабы кемітілмейді. Ибн Хажар әл-Һәйтәмиден: «Зираттағы марқұмдарға «Фатиха» сүресін бағыштаса, оның сауабы марқұмдардың әрбіріне толық беріле ме әлде өзара бөліне ма?», – деп сұралғанда, ол: «Сүренің сауабы толық тиеді. Бұл Алланың кеңшілі», – деп жауап қайтарған»[4]. Қорыта айтқанда, Құран және ізгі амалдардың сауабын (тірі және қайтқан) мұсылманға бағыштауға болады. Оларға оның пайдасы тиеді. Құран хатымның сауабын бірнеше марқұмға бағыштаса олардың әрбіріне толықтай хатымның сауабы жазылады. Құран оқыған адамның да, бағышталған (тірі және қайтқан) мұсылманның да ешқайсысынан сауап кемітілмейді. Сол үшін Құран бағыштағанда әрбір ер мен әйелдің атын атағаны дұрыс.
Елбек Тасболатұлы Павлодар облысы бойынша пәтуаға жауапты имам
Пікір қалдыру