Елімізде келіннің қайын ата, қайын аға, қайын іні және сіңлісінің атын атамай, «ат тергеу» салтымен оларға лайықты жарасымды «үлкен ата», «мырза аға», «кенже бала», «шырайлым», «ерке қыз» секілді ат қоятыны белгілі. Бұның шариғаттағы үкіміне келсек, мұсылмандар арасында азан шақырып қойылған есімінен басқа өзге атау беру дәстүрі бар. Соның бірі – лақап ат қою. Лақап (араб. لقب) – адамды өз болмысы мен мінезіндегі көркем ерекшеліктерге сай атауға қолданылатын сөздер[1]. Мысалы, сүйікті Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – Әмин (сенімді), хазіреті Әбу Бәкірді – Сыддық (шыншыл), хазіреті Омарды – Фаруқ (ақиқатты ажыратушы) деп атау. Екіншісі – куниәмен атау. Куния (арабша کنیة) дегеніміз әкесін немесе анасын баласының атымен байланыстырып атауы[2]. Мұсылмандар бір-бірін атымен емес, куниямен шақыруды құрмет пен ізеттілік көрсетудің көрінісі деп санайды. Мысалы, Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – Әбу Қасым (Қасымның әкесі), хазреті Әлиді – Әбу Хасан деп айтатын. Имам Әбу Юсуфтың есімі Яқуб еді. Алайда Әбу Юсуф (Юсуфтың әкесі) деген куния атымен танымал болды. Кейбір жағдайларда адамның мақтаулы әрі көркем сипаттарына тән есімдер де кунияға қолданылады[3]. Имам әл-Ғазали былай деп жазады: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – өз сахабаларын куния есімдерімен шақырды. Бұны ол оларға құрмет пен ізет көрсету арқылы олардың жүректеріне жол табу үшін жасады. Көбіне ол өзі сахабаларыана қолайлы әрі ұнамды, әрбірінің өзіне тән қадір-қасиеттерін нақыштайтын есімдер таңдап атайтын» [4]. Дегенмен шариғатымызда лақап атты адамды мазақ ету, жамандау не болмаса кемсіту үшін қолдануды құптамайды. Құран Кәрімде: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا يَسْخَرْ قَوْمٌ مِّن قَوْمٍ عَسَىٰ أَن يَكُونُوا خَيْرًا مِّنْهُمْ وَلَا نِسَاءٌ مِّن نِّسَاءٍ عَسَىٰ أَن يَكُنَّ خَيْرًا مِّنْهُنَّ ۖ وَلَا تَلْمِزُوا أَنفُسَكُمْ وَلَا تَنَابَزُوا بِالْأَلْقَابِ ۖ بِئْسَ الِاسْمُ الْفُسُوقُ بَعْدَ الْإِيمَانِ ۚ وَمَن لَّمْ يَتُبْ فَأُولَـٰئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ «Ей, мүминдер, араларыңнан бір топ басқа топты мазақ етпесін! Бәлкім мазақталғандар өздеріңнен жақсырақ болар. Бір-бірлеріңді айыптамаңдар, жаман лақаптармен шақырмаңдар! Иманға жеткеннен кейін күнәхарлық қандай жаман! (Алла тыйым салған нәрселерге) тәубе етпегендер – залымдар» [5], – делінеді. Демек, бір адамды «шолақ қол», «қара», «қабақ» сияқты ұнамсыз лақаптармен атау немесе артынан сөйлеп ғайбат қылу күнә болады[6]. Керісінше, адамдарды «данагөй», «ержүрек», «жомарт», «мырза» сияқты өзі ұнататын лақаптарымен шақыру ізгіліктің белгісі. Сондықтан келіннің қайын інілері мен қайын сіңлілерін «кенже бала», «ерке қыз» секілді есімдермен атау шариғаттың негіздеріне қайшы емес. Өйткені бұл адамды сыйлаудың озық мәдениеті мен ізеттілік әдет-ғұрпының көрінісі.
Әсет Раманкулов БҚО бойынша пәтуаға жауапты маман
Пікір қалдыру