Семей өңірінің Бас имамы Асқар Әбітайұлы Шығыс кенті мен Степной кентіндегі салынып жатқан мешіттердің құрылысымен танысты.
Хәкім Абай елі іргесіндегі құрылысы қарқынды жүріп жатқан мешіт нысанын аралап, бүгінгі барысымен танысу үшін Семей өңірі Бас имам Асқар Әбітайұлы Шығыс кенті мен Степной кентіндегі жаңа мешіт құрылыс нысанына барды. Сәулетті мешітке арнап жүргізіліп жатқан жұмыстардың бүгінгі ахуалымен танысып, құрылыс жұмыстарына жауапты мамандармен сұхбаттасты. Халқымыздың діни және рухани дамуына, жастардың дұрыс тәлім-тәрбие алуына, ынтымақ пен тұтастыққа баулитын ғибадат үйлерінің негізгі қызметтері турасында насихат айтты.
Аллаға шүкір, бүгінгі таңда мешіт салу қатары Хәкім Абай елінде қарқынды дамып келе жатқандығы баршаға мәлім.
Бас имам Асқар Әбітайұлы: «Мешіт салу турасында пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Кімде-кім Алланың разылығын көздеп жер бетінде мешіт салса, Алла Тағала оған жұмақтан бір үй салады», – делінген (Бұхари, Мүслим, Тирмизи, Ибн-Мәжә). Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Қандай да бір адамның мешітке қатысы барын көрсеңіз, оның мүмин болғанына куәлік етіңдер. Өйткені, Алла Тағала: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткендер ғана салады», – деген», – дейді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдина қаласына көшіп келгенде, ең әуелі қолға алған жұмысы – мешіт құрылысы болған. Мешіт қызметі тек құлшылық мекені ретінде шектелген емес. Бес уақыт намаз өтелетін киелі орын болуымен бірге, қоғамдық маңызға да ие болған» деп насихатын жеткізді. Өйткені, руханият мәйегі болып табылатын мешіттер – халқымыздың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігін, имандылық қағидаттарын жақынырақ танып-білуімізге үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.
Абай Құнанбайұлы орталық мешітінің баспасөз қызметі
Пікір қалдыру