ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАР СЕКТОРЫ: ҚҰРАНҒА ТҮСКЕН БАҚЫТТЫ ЖАНДАР (ФОТО)

Абай атамыз:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан соның төрті,
Алланы танытуға сөз айырмас, – деп жырлаған.
     Сол төрт кітаптың соңғысы, Алланы айнытпай танытатын, ақ пен қараның аражігін ажыратып, тура жолға бастайтын, әрі, әлі күнге дейін бір әрібі де өзгермей келе жатқан қасиетті Құран Кәрімді түп нұсқасынан оқи алу, келесі кезекте соның мағынасын түсініп, соған амал ету әрбір мұсылман баласының басты арманы екені сөзсіз.
    Бүгін Тыныбай мешітінің жанындағы сауат ашу курсында осынау ұлы мақсатқа қадам басқан, келешекте ұлтымыздың ұлы тұлғаларын тәрбиелейтін ару қыздарымыздан ақ жаулықты апаларымызға дейін, барлығы 17 шәкірт 2 айға жетер-жетпес уақыттың ішінде Құранды жүргізіп оқи алатындай дәрежеге жетіп, мешітіміздің бас имамы Мақсат қажы Қуанышбекұлының қолынан арнайы сертификат алды.
   Мақсат Қуанышбекұлы қызметке жуырда ғана кіріссе де осындай жоғары нәтиже көрсеткен Мадина ұстазға алғыс білдіріп, Құранға түскен шәкірттерді шын жүректен құттықтады. Құранның қасиеті туралы сөз қозғап, шәкірттердің ілім жолының жемісті болуына тілек білдіріп, әрбіріне қасиетті Құран Кәрім кітабын сыйға тартты.
  Сондай-ақ, жиынға арнайы шақырылған ҚМДБ әйел-қыздар секторының Семей аймағы бойынша жетекшісі, Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіттің ұстазы Данагүл Төлегенқызы Құран құндылықтары жайлы уағыз айтып, мешіт қызметкерлерінің рухани ағартушылық бағыттағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
    Шара соңында мешіт хатымханасында шәкірттерге мерекелік дастархан жайылып, ұстаздар мен шәкірттер емін-еркін сұхбат құрды.