БАС МҮФТИ ӨРТТЕН ЗАРДАП ШЕККЕН ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына барған сапарында Әулиекөл ауданында болып, өрттен зардап шеккен азаматтармен кездесті. Іс-сапар барысында Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде қайырымдылық іс-шарасы өткізілді. Акция аясында өрттен зардап шеккен 120 отбасыға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік таратылды.

«Алла Тағала бұл сынақты сабырмен жеңіп шығуға, өртті тез арада ауыздықтауға күш-қуат нәсіп етсін. Біз сіздерге өз мүмкіндігіміздің аясында рухани әрі материалдық тұрғыдан көмек көрсетуге дайынбыз. Сол үшін арнайы алдарыңызға келіп отырмыз. Жаратушы Жаббар Иеміз еліміз бен жерімізді түрлі сынақтан, тосыннан келетін табиғи апаттардан сақтағай»- деді ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Еске сала кетейік, Бас мүфтидің бастамасымен еліміз бойынша мешіттерде дұға ету, салауат айту рәсімі өтуде. Сондай-ақ үйсіз қалған жандар мешіттерге орналастырылып, имамдар қолдан келген көмегін көрсетуде.