МОНОПОЛИЯНЫҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

«Монополия – (гректің monоs) – жалғыз және (poleo) сатамын» деген екі тіркестен туындаған сөз, ал шариғат терминологиясында «ихтикар» деп аталады.

Ихтикар сөзінің тілдік мағынасы: бір затты қолда ұстап, оның қымбаттағанын күту дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – тағамды (азық-түлікті) және т.б. заттарды сатып алып, бағасы қымбаттағанша ұстап отыру[1].

Жұмһур ғалымдар ихтикар жасаудың харам екендігіне бірауыздан келіскен[2]. Алла Тағала Құранда:

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُواْ لَا تَأْكُلُوٓاْ أَمْوَٰلَكُم بَيْنَكُم بِٱلْبَٰطِلِ إِلَّآ أَن تَكُونَ تِجَٰرَةً عَن تَرَاضٍۢ مِّنكُمْ

«Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-мүліктеріңді арам жолмен (әділетсіз түрде) жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризашылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек»[3], – деген. Келесі аяттта:

كَيْ لَا يَكُونَ دُولَةً بَيْنَ الْأَغْنِيَاءِ مِنْكُمْ

«Бұл (олжалар) араларыңдағы байлардың арасында ғана айналымда болатын дәулетке айналмауы үшін (берілген үкім)»[4], – делінген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

من احتكر على المسلمين طعامهم ضربه الله بالإفلاس أو الجذام

«Кімде-кім мұсылмандардың азығына ихтикар жасаса, Алла оны алапес ауруына шалдықтырады және зиянға ұшыратып, қарызын өтей алмайтын жағдайға жеткізеді»[5], – деп айтқан.

Ғалымдар арасында ихтикардың қай нәрседе болатындығы жайлы бірнеше көзқарас бар:

  1. Ханбали және имам шафиғи мәзһабының кейбір ғалымдары ихтикар тек адамдардың азық-түлігімен шектелген. Дәлел ретінде жоғарыда айтылған хадисті негізге алған[6].
  2. Имам Әбу ханифа мен имам Мұхаммед және шафиғи мәзһабының ұстанымы бойынша ихтикар адам мен жануарлардың азығында болады деген[7].
  3. Имам Әбу Юсуф және мәлики мәзһабының ұстанымы бойынша ихтикар барлық нәрседе жүреді[8]. Оған дәлел ретінде: «Тек қателесуші адам затты сақтап сатады»[9]«Кімде-кім мұсылмандарға қымбатшылық еткісі келіп монополия жасаса, ол – қателесуші»[10]«Тасымалдаушы – ырысты, монополия жасаушы – құтсыз»[11], – деген хадистерді келтірген.

Осы пікірді қазіргі заман ғалымдары да құптаған[12]. Алайда көптеген ғалымдар ихтикар жасау харам болуы үшін төмендегі шарттардың табылуын алға тартқан:

  1. Затты сатпау арқылы адамдарға зиян тигізсе[13] (егер адамдарға зияны болмаса, монополияға жатпайды);
  2. Сол затқа қатты қажеттілік туындаса;
  3. Тауардың бағасы шарықтау шегіне жеткенге дейін сатпай ұстап отырса.

Осы үш шарттың бірі табылып, ол зат жергілікті аймақтан сатып алынса да, импорт жолымен келсе де, қажет кезде сатпай ұстап тұру ихтикар болып саналады[14]. Өйткені монополия адамдарға зиян тигізу, қиындыққа ұшыратып тарықтыру арқылы көрініс табады. Қазіргі кезде сауда тауарларының басым бөлігі экспорттау және импорттау арқылы саудаланады[15].

ҮКІМ: 
  1. Қоғамға, адамдар мен жануарларға қажетті заттарды, сондай-ақ импорт жолымен келген тауарларды бағасы шарықтау шегіне жеткенге дейін сатпай ұстап тұру монополия болып есептеледі.
  2. Монополияға шариғи тұрғыдан тыйым салынады.
  3. Бірнеше адамдар не компаниялар өзара келісіп бағаны жасанды түрде көтеру монополия болып есептеледі.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

[1] Хашияту ибн Әбидин, 9/571.

[2] Әл-Маусуғату әл-фиқһия, 2/90.

[3] «Ниса» сүресі, 29-аят.

[4] «Хашр» сүресі, 7-аят.

[5] Имам Ахмад риуаяты, №135.

[6] Әл-Муғни, 4/167. Әр-Рауд әл-Мурбиғ хашиясы, 4/390.

[7] Тибяну әл-Хақаиқ, 6/27. Бәдәиу ас-санаиғ, 6/516.

[8] Хашияту ибн Әбидин, 9/571. Әл-Мунтақа шарху әл-Муатта, 5/16.

[9] Имам Муслим, №1605.

[10] Имам Ахмад, №8602.

[11] Ибн Мәжа, №2153.

[12] Ахмад Мұстафа Әфифи, әл-Ихтикар уә мәуқифу әш-шариати әл-исламияти минһу, 116-бет.

[13] Бәдәиу ас-санаиғ, 6/516. Мәуаһибу әл-Жәлил, 4/227. Әсна әл-Матолиб, 2/37. Әл-Муғни, 4/167.

[14] Негізі бұл ғұламалардың арасында тартысты мәселе. Ханафи, мәлики, щафиғи, ханбали мазһабында монополия тауары жергілікті аймақтан сатып алынуы шарт. Ал, егер тауар басқа қаладан импорт жолымен келсе немесе иелігіндегі кәсіпорын өнімі, алқаптағы астық адамдарға қатты қажет бола тұра сатпауы монополияға жатпайды деген. Ал имам Әбу Юсуф және мәлики мазһабының кейбір ғалымдарының пікірі бойынша тауарды тұрғылықты аймақтан сатып алу шарт емес. Тіпті басқа аймақтан әкеліп, сатудан бас тартса да монополия болып есептеледі. Өйткені монополияның кері әсері қоғамға зиян берумен өлшенеді деген (Бәдәи ас-санаиғ, 6/515). Осы көзқарасты қазіргі таңдағы ғалымдар құптаған (Ахмад Мұстафа Әфифи, әл-Ихтикар уә мәуқифу әш-шариати әл-исламияти минһу, 139-бет).

[15] Мәжид Әбу Рахия, әл-Ихтикар дирасату муқарана, 478-бет.