ҰРПАҚТЫ ҚОЛДАУ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам» атты кезекті жолдауын жариялады. Игі бастамалар көтерілген жолдауда әлеуметтік-экономикалық, денсаулық, білім беру салалары талқыланды. Әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеу, тәлім беруге баса назар аудару керектігі ұсынылды.

Алдымен бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзарту керектігі тапсырылды. Және әр балаға Ұлттық қордан 18 жасқа дейін ақша бөлу, жастардың білім алуы үшін жылдық өсімі 2-3% болатын жеңілдікпен несиеге рұқсат берілетін болса, «Жайлы мектеп» жобасы арқылы еліміздегі мектеп санын арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелесі де қалыс қалмады.

Аталған игі бастамаларды дін қызметкерлері де құптайды. Себебі асыл дініміз ұрпақтың иманды да инабатты, елі мен жерін сүйетін, Алла Тағала ризалығын, ата-ананың разылығын алатын салиқалы болуына ерекше көңіл бөледі.

«Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек.  Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс.  Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады», – деді Мемлекет басшысы жолдауында.

Жаһандану заманында ұлттық ерекшеліктерді өркениет талаптарына сай жетілдіру маңызды мәселеге айналып отыр. Рухани құндылықтардың ақпараттар ағымымен, жан-жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімі жоғары болғаны абзал. Мемлекет тарапынан бұл үшін толықтай жағдай жасалуда. Сөзімізге кешегі ел басшысының айшықты ойлары, жүйелі жоспары дәлел бола алады.  Қолға алынған игі бастамалардың ел болашағының жарқын болуына себепші тетіктердің біріне айналарына сенеміз.

Асқар ӘБІТАЙҰЛЫ

Абай облысының Бас имамы