БАС МҮФТИ ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ﷺ) МҮБӘРАК САҚАЛ-ШӘРИФІН КӨРУ ІС-ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Астанадағы Бас мешітте ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) мүбәрак бір тал сақал-шәрифін көру іс-шарасына қатысты.

Аталған іс-шара халық арасынан ашылған дәлізбен ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған имамдардың мүбәрак-шәрифті салтанатты түрде ортаға әкеліп, арнайы орынға қоюмен басталды.

Бұдан соң Бас мешіттің қарилары Мұртаза Балахмет пен Серік Ахметов асыл Пайғамбарымызға (ﷺ) құрмет ретінде Мәуліт, Құран оқып, Бас мүфти батасын жасады.

Жамағатқа уағыз айтқан Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қасиетті Құранда: «Сендерге Алланың елшісінде көркем өнеге бар» делінген. Алла Тағала баршамызды Өзіне лайықты құл, Пайғамбарға лайықты үмбет болуды нәсіп еткей» деді.

Бұдан соң жиналған халыққа мүбәрак-шәрифті көру тәртібі мен әдебі таныстырылып, халықтың кезекпен асыл затты көруіне мүмкіндік берілді.