РУХАНИ КЕЛІСІМ – ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ІРГЕТАСЫ

Еліміз егемендігін алып, шекарасын бекемдеген күннен бастап тәуелсіздіктің баянды, тыныштықтың тұрақтап тұруына баса мән берді. Сондықтан да, «Рухани келісім» күні – ел азаматтары үшін өзіндік орны бар маңызды мереке. Бүгінде бір шаңырақ астында 18 діни конфессия мен 130-ға жуық этнос өкілдерінің бір-бірімен келісімде өмір сүруі – тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігі дер едім.

Асыл дініміз Исламда да ең басты құндылық ретінде – адам, адамның өмірі және оның жазықсыз жапа шекпеуі алдыңғы орынға шығады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі діні өзгенің құқығын қорғаған. Қияметте қорған болатындығын ескерткен. Біздің діни танымымыз бен қазақ мұсылмандығында адамды сүю басты тұғыр. Оны тарихымыздағы Иасауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сынды даналарымыздың қалдырған мұраларынан көре аламыз. Бабаларымыздың дүниетанымында Алла жаратқан адам баласын кемсітпей, өзімен тең дәрежеде құрметтеу  парыз деп саналған. Адамның тегі мен түсіне, діні мен діліне қарамастан оған құрмет көрсету, адам ретінде ардақтауды пайғамбарлық сүннет екенін естен шығармағанымыз абзал.

Еліміздегі кез келген ұлт өкілдері тек конституциялық талаптар негізінде ғана емес, сондай-ақ  қазақ болмысындағы толеранттылық пен кең пейілділік негізінде келісімде өмір сүріп келеді.  Бұл әлем мойындаған басты артықшылығымыз. Мемлекетте келісім мен өзара түсіністік орнап тұрған уақытында құнды, берекесі кетсе – құнсыз. Құнсыздық орнаса бейбітшілікті ұстап тұру қиынға соғады.

 Рухани келісім – тұрақтылықтың іргетасы. Татулықты ту етуге үндейтін бұл күннің басты мақсаты – жер бетінде орын алып жатқан қақтығыстар мен жанжалдарға тосқауыл қою. Осындай түйіткілді мәселенің алдын алу үшін елімізде дәстүрлі түрде Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі өткізіліп келеді. Маңызды мәселелердің түйінін бірлесе шешіп, атқарылуы тиіс ізгі бастамалардың ел іргесінде көтерілуі Қазақстанның бейбітшілікті сүйген, тәуелсіздіктің бағасын білетін мемлекет ретінде дүниежүзіне танытып келеді.

Рухани келісім күні негізінде біздің ұлттымызға тән  үлкенді сыйлау, отбасына құр­мет, балаларға  қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп бола алады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – ел болашағының жарқын болуына кепіл болмақ. Олай болсы, барша халықты мейірімділікке, игілік пен бірлікке үндейтін мереке құтты болсын! Алла Тағала тәуелсіздігіміздің тұғырын мәңгі, еліміздің еңсесін биік еткей!

 

Асқар ӘБІТАЙҰЛЫ

Абай облысының Бас имамы