ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ең үлкен артықшылығы алғашқы білімді молдадан немесе медреседен алғандығы еді. Олардың барлығы діни сауатты болатын. Ахмет Байтұрсынұлының әр мақаласы, әр кітабы Құранның «Бисмиллахир-рахмани-рахим» – деген сөздермен басталған.
Кейін түсіп қалған бұл сөздер, соңғы басылымдарда түпнұсқада қалай болған болса, солай беріліп жүр. Сонымен қатар, Ахаңның араб әріптері негізінде қазақтың алғашқы әліпбиін жасап шығуы оның көрегендігі дер едік. Ол кезге дейінгі түркі елдерінің 90 пайызы хат жазуда немесе қолжазбаларында араб таңбаларын пайдаланып келгені белгілі. Ғалымның өзі Орынборда өткен Қазақ, қырғыз білімпаздарының съезінде сөйлеген сөзінде: «Жақсы әліппенің қасиеттері – жылдам жазылу, баланы оқытқанда әріптерінің бөлек-бөлек оңаша тұрып көзге түсуі, жазбасына баспасының ұқсастығы. Қазіргі қазақ әліппесінен жер үстінде жақсы әліппе жоқ. Латыннан анағұрлым озық әліппеміз тұрғанда босқа латыншыл болудың керегі жоқ. Әріпке қызығып бүкіл мәдениетімізден айрылып қаламыз ба?» – дейді. Осылай 1913 жылдан бастап Ахаң жасаған әліпби мұсылман медреселерінде, қазақ-орыс мектептерінде қолданыла бастайды.
Жазушы Сейіт Кенжеахмет: «1917 жылы 5-13 желтосқан аралығында Орынборда ІІ жалпықазақ съезі өтті. Онда Алашорда үкіметінің құрамы бекітілді. Ахмет Байтұрсынұлы Алашорда үкіметінің оқу комиссары болып тағайындалды. Қасында Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Биахмет Сәрсенов, Телжан Шонановтар болды. Ахаң сол тұста халықтың сауатын ашу ісіне ел арасындағы молдаларды пайдаланған. Өйткені ол кісі сауат ашуға тек «қаріп тану» деп қарамаған. Оны тәрбиенің өзегіне балаған. Адамгершілік, жанашырлық, мейірім, шапағат секілді қасиеттерді бойына сіңірмеген адамның алған білімі зиянды деп түсінген. Торғай жерінде діни ілім үйрететін мешіт-медреселер көп болған. Ахаң осы дайын тұрған ілім ошақтарын халықтың игілігіне пайдалануды дұрыс көрген. Сол себепті тұңғыш әліпби жасағанда халқымыз сан ғасырдан бері пайдаланып келе жатқан араб графикасы негізінде жасады. Былайша айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы тілді дінге байлап берді. Бұл – дін құрымай, тіл жоғалмайды деген сөз. Егер қазірге дейін Ахаң жасап берген әліпбимен жүргенімізде мәңгүрттер еліне айналмас едік» деген пікірді айтады. Бірақ, жағдай Алаш зиялылары ойлағандай болмады. Араб жазуы Исламмен байланыстырылып, қолданыстан алынып салынды. Тек жат жұртқа Қытай, Ауған, Иранға қоныс аударған қандастарымыз Ахаң жасаған әліпбиді жүректеріне байлай кетті. Қазіргі күнге дейін олардың арасында төте жазу аталып, қолданылып келе жатқан әліпби сол – Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі.
материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды
Пікір қалдыру