ІХ ғасырда Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Яссы, Сауран, Сығанақ, Шаш, Сүткент, Жент, Кудур, Отлук, Өзгент және тағы басқа қалаларда Ислам діні өркендей бастады. Х ғасырдан бастап Ислам ілімі жолында тәлім-тәрбие беретін медреселер бой көтеріп, көркем мінез ұстанымдар қалыптаса бастады. Сол кездегі Ислам мəдениетінің казақ жеріндегі ірі ошағы – Сығанақ, Отырар, Сайрам, Яссы (Түркістан) қалалары болды.
Түркі даласының төл перзенті, Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық мектебінің көрнекті өкілі, ғұлама, әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің қазақ халқының рухани тарихында айрықша орны бар.Ол – Ислам дінінің жанашыры әрі насихатшысы, сопылық ілімнің көрнекті ұстазы. Оның туған жері – қазіргі Түркістан облысы Сайрам кенті. Әкесі Ибраһим ата – хазіреті Әлидің (оған Алла разы болсын) ұрпағы. Ол Исфиджабта танымал діндар кісі болса, анасы Қарашаш – Мұса шейхтың қызы.
Қожа Ахмет Ясауи алғашқы сауатын жеті жасына дейін әкесінен алады. Жеті жасында әкесі қайтыс болған соң, Арыстан бабтан тәлім алады. «Диуани хикметте» бұл жайында былай дейді:
«Жеті жаста Арыстан баб келді бабам,
Хақ Мұстафа аманат берді маған,
Сол сәтінде-ақ көңілім тауып баян,
Нәпсім өліп, Тәңірі жолына түстім мен де…» (Қожа Ахмет Ясауи, Диуани хикмет. Аударған М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, М.Шафиғи. – Алматы: «Мұраттас», 1993, 22-бет).
Арыстан баб қайтыс болған соң, Бұхараға барып, Юсуф Хамаданиге шәкірт болады. Ұстазы Юсуф Хамадани Имам Ағзам жолын берік ұстанған ғұлама болатын. Оның ұстазы жан шуағын ешкімнен аямайтын, жетім-жесірлерге қарайласатын өте білімді әрі мейірімді жан еді. Юсуф Хамадани сияқты ары таза, жаны пәк адамнан тәлім алған Қожа Ахмет ұстазының бүкіл жақсы қасиетін бойына сіңіріп әрі ұстазынан көп өнегені бойына сіңіреді.
Көзін ашқаннан діндар отбасында өскен Қожа Ахмет те жастайынан өмірін ізгілік пен мейірімділікке, адамгершілік пен тақуалыққа арнады. Ол Юсуф Хамаданидан діни білім алған соң, Яссыға келіп, халыққа дінді үйретіп, сопылық жолдың насихатшысына айналады. XII ғасырда Яссы деген кішкентай қаланың Яссы шаһары деп даңқының шығуы Қожа Ахмет Ясауидің атымен тікелей байланысты. Ал қазір Түркістан деген кезде бірден Қожа Ахмет Ясауидің еске түсуі бабамыздың танымал ғұлама, әулие екенін аңғартады.
Қожа Ахмет Ясауидің тәрбиелеген шәкірттерін санамалап шығу әсте мүмкін емес. Дегенмен алғашқы шәкірті Арыстан бабтың ұлы Мансұр ата, екінші шәкірті Саид ата болса, үшінші шәкірті Мұхаммед Данишменд, төртіншісі Сүлеймен Бақырғани (Хаким ата) екені белгілі. Түріктің ғалымы Фуат Көпірүлүнің: «Ирак, Хорасан және Мауераннахр сопыларынан басқа түркі шейхтары деп жүрген сопылардың барлығы дерлік Қожа Ахмет Ясауи тариқатының шейхтары еді» деген сөзі оның шәкірттерінің көптігін білдірсе керек. XIII-XV ғасыр арасында Ясауи ілімі Хорезм, Мəуреннаһр және Анадолыға дейін жетті. Түркі жұртында Ясауиді құрметтеп, пір тұтқандықтан «Мəдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген тәмсіл пайда болды.
Бабамыз сопылық жолды ұстанып, дінді насихаттау барысында айтқан өлеңдер жинағын «Диуани Хикмет» деп атады. Ол адамгершілік пен имандылықты ту етіп, бүкіл күш-қайратын ізгілік жолына арнап, ақиқатты жырлады. Бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеді. Мəңгілік махаббатты, жанпида ғашықтықты, риясыз адалдық пен асқақ адамгершілікті жырлады. Ислам дінінің өлмейтін-өшпейтін құндылықтарын дәріптеді.
Оның өлеңдері оғыз-қыпшақ тілінде айтылғандықтан, халық арасында тез тарап үлгерді. Себебі Ислам құндылықтарын жырлағандықтан әрі тілі ұғынықты болғандықтан, түркілер тарапынан қолдау тапты. Ахмет Ясауи әр мұсылманның бойында Аллаға деген зор сүйіспеншілік, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға деген ыстық махаббат болу керектігін сүйсіне жырлады. Тіпті Аллаға дұға еткенде: «Уа, Алла! Өзіңе және Пайғамбарыңа бізді ғашық ет», – деп жалбарынды. Мұсылмандарды көркем мінезді болуға шақырып, түркі халықтарының көзін ашып, Аллаға деген иманын арттырып, Исламға деген танымын кеңейтті.
Ахмет Ясауи өз хикметтерінде сопылық ілім туралы кеңірек мәлімет беріп, осы жолды дәріптеді. Ол сопылық жолға дайындықсыз, білімсіз келетіндерді қатты сынады. Шынайы, таза сопылық ілімінен хабарсыз, жалған сөйлеп, өз мүдделерін жүзеге асыратын дүмше сопыларды «жалған сопы» деп айыптады. Сондай келеңсіздікке ұрынбас үшін алдымен шариғат ілімін жетік меңгеру керек деген ой қозғады.
Сопылық жолдың негізі Ихсан ілімінен басталатыны мәлім. Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттырып, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемеледендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Алла Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі – осы Ихсан ілімі. Егер мұсылман адам Ихсан ілімінің шынайы болмысын түсінсе, рухани жандүниесі кемелденіп, иман байлығына қол жеткізеді. Ихсан ілімі әуелі Аллаға иман келтіру, бұйырған амалдарын орындау, тыйым салған нәрселерінен бойын аулақ ұстаудан басталады.
Ихсан – сен Алланы көрмесең де Алла сені көріп тұрғандай амал жасау деген сөз. Ізгі ғұламаларымыз «Ихсан ілімінің алғашқы сабағы ренжітпеуден басталып, соңы ренжімеумен аяқталады» деген екен. Имам Науауи (оған Алла разы болсын): «Алла Тағала сенің әрбір жағдайыңды көріп тұрады. Сондықтан барлық ісіңде жақсылық жаса. Әрбір ісің толыққанды болуы керек» дейді. Әбу Ханифаның «Муснад» кітабында: «Ихсан – әрбір ісіңді Алла разылығы үшін жасауың» делінген. Бұл ретте адамның ниетіне баса назар аударылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла Тағала әрбір істі жетік жасауды (ихсанды) парыз етті…» деген. Расында, әдептілік адамды көрікті етеді. Ихсан ілімі көркем мінез бен адамға тән күллі әдепті қалыптастырады. Хазіреті Мәулана: «Ақылым жүрегімнен: «Иман деген не?» – деп сұрады. Жүрегім ақылымның құлағына иіліп: «Иман дегеніміз – әдеп», – деп жауап берді», – дейді.
Көркем мінез жайлы білмек болған бір кісіге ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Уа, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандардан сырт айнал» деген аятты оқып: «Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарды үзгендермен арадағы араласуды арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің» дейді.
Расында, ихсан – бақытын иманнан іздеген жұртымыздың жүрегіне жақын ілім. Халық ұғымындағы «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», «Кең болсаң – кем болмайсың», «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік», «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды», «Жақсылық еккен алғыс орады» сынды нақылдар ұрпақтан ұрпаққа тәрбие ретінде айтылып, өмір сүру дағдымыздың біріне айналды.
Ислам тарихына көз жүгіртсек, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз өзінің бойындағы көркем мінезі арқылы надандықта өмір сүріп жатқан Мекке халқын әдептілікке, ізгілікке шақырды. Оған пайғамбарлық міндет жүктелгенге дейін, яғни қырық жыл өмірінде адамгершілік қасиеттің қоғамға әкелер пайдасын дәлелдеп берді. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен жер бетіне көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», – деген хадисі көп нәрсені аңғартса керек. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда: «Шын мәнінде, сен жоғары мінез құлыққа (әдепке) иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят) дейді. Ихсан болса, көркем мінез бен адамға тән күллі әдептілікті қалыптастырады. Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи сопылық жолда жүрудің төрт мақамын, яғни шариғат, тариқат, мағрифат, ақиқатты сөз етеді. Бұлардың әрқайсысын он-он мақамға бөліп, түсіндіреді. Кім осы мақамдарды басып өтсе, сол пенде ғана өз деңгейінде шейх, пір, сопы, ишан, ұстаз бола алады деп көрсетеді. Бұл мақамдарды басып өтпеген жан аталған дәрежелердің біреуіне де көтеріле алмайды. Тіпті сопылық ілімін уағыздау сәтіндегі қарабайыр шапанның өзін киюге құқығы жоқ деген. Ол туралы Ясауи бабамыз отыз екінші хикметінде былай деген:
«Өтті ғұмырым, шариғатқа жете алмадым,
Шариғатсыз тариқатқа өте алмадым.
Ақиқатсыз мағрипатқа бата алмадым,
Жолы қатты пірсіз қалай өтер, достар».
Ал алпыс алтыншы хикметінде былай дейді:
«Шариғаттың шапанын кимейінше,
Тариқаттың пырағына мінбейінше,
Ой əлеміне беріліп батпайынша,
Хақиқаттың майданына кіріп болмас».
Ғұлама сопылық мектептің түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. Сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі тілінде сөйлетті. Түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде сөйлете білді.
Ол негізін қалаған Ясауи ілімінде Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады. Ал халыққа, ұлтына қызмет етудің шарты топырақ сипатында болу, яғни нәпсіні тыюдан басталмақ. Нәпсіні тыю – сопылық жолдың негізгі мақсаты. Ихсан жолын ұстанудың нақ өзі – топырақ сипатында болып, өзін халқына арнау кемелдіктің белгісі деген сөз. Кемелдікке жету үшін адамда ғашықтық пен дерт болу керек дейді.
«Дертсіз адам» деп сезімнен жұрдай, өз ұлтының, Отанының алдында жауапсыз, мұңсыз, қара басының қамын күйттейтін жан деп суреттейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, ғашықтық отына түсіп, қоғамның кемшін тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, көз жасы, қайрат-жігерімен одан шығар жол, дауа іздейді. Ұлы ұстаздың бұл ұстанымы қазіргі таңда да өзектілігін жоғалтқан емес. Бабамыз айтқандай, дертсіз адам болудан Алла бізді сақтағай!
Қожа Ахмет Ясауи Аллаға деген махаббатқа сай адам баласын кемсітпей, адамның тегі мен түсіне, діні мен діліне қарамастан оған құрмет көрсету, адам ретінде ардақтауды Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті деп түсіндірді. Ол дінді насихаттау барысында Құдайды жазалаушы, қорқыныш иесі ретінде ғана емес, Құдайды сүю және оның үкімдерін құрметтеу арқылы Аллаға махаббатпен қауышуды үйретті. Аллаға қауышудың жолы қоғамға, адамға қызмет ету тікелей көркем мінездің кемелденуімен жүзеге аспақ.
Замандастарын дінге шақыру барысында көрсеқызар, кеудемсоқ, дүниеқоңыз болмауға, тәубеге келуге шақыра отырып, надандарға сөзіңді қор етпе, мейірімсіздерден қайырым күтпе, кісі ақысын жеме, арамдықпен мал жима, өтірік айтпа, дүние-байлыққа қызықпа, оның бәрі өткінші, дүние жалған ешкімге де опа болған емес деп насихат айтты.
Қожа Ахмет Ясауи Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанынан артық жақсы көрді. Оған деген махаббаты соншалық, барша сүннетіне сай өмір сүргізді. Жанындай жақсы көрген екі дүние гүлзары, адамзаттың асылына деген шексіз махаббаты 63 жасқа келгенде «Пайғамбарым 63 жасында қайтыс болғандықтан, жер бетінде одан көп жүруден ұяламын» деп дүние-мүлкін кедей-кепшікке таратып, қалған ғұмырын қылуетте өткізгенін баршамыз білеміз.
Ол Алланың сүйікті құлы бола білді. Ғибратқа толы ғұмыры мен насихаты миллиондаған халықтың жүрегінде Алла мен Оның елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббатты оята білді. Алланың сүйікті достары – қашан да құрметке лайық тұлғалар. Сондықтан бабамыздың қабірі ғасырлар бойы зиярат ететін киелі орынға айналып, діндарлығы үлгі болуда.
Қожа Ахмет Ясауи негізін қалаған сопылық мектеп «Ясауи тариқаты» деп аталды. Түркі халықтары арасында кеңінен тараған аталмыш сопылық мектеп ХІІ ғасырда Мауераннахр, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Тәжікстан аймағына тарады. Нәтижесінде Ясауидің ілімі мен рухани құндылықтарын жалғастырушылар тарихта өзіндік із қалдырды.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері еліміздегі мұсылман жамағатына Ихсан ілімін дәріптеп келеді. Біз осы бастама аясында «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын шығардық. Бұл еңбекте «Жаратушы Аллаға ихсан», «Тұлғалық ихсан», «Ихсан және қоғам» сынды тараулар қамтылып, Ислам ғұламаларының ихсан ілімі жайлы ой-толғамдары берілді. Кітаптан әрбір адамға аса қажет ықылас, ниет, ыждаһат, тұрақтылық, тиянақтылық, Аллаға, Құранға, Пайғамбарға деген махаббат, нәпсімен күресу жолдары, жүрек дертінен арылу, рух тазалығы, тіл тазалығы сынды көркем мінезді қалыптастыратын сипаттарды қалай тұла бойымызға сіңіру қажеттігін түсінеміз. Сонымен қатар ата-ана, бала-шаға, көрші-қолаң, ағайын-туыс, айналадағы адамдардың ақысы жайлы құнды насихат оқып, жаман әдеттерден арылудың жолдарын үйренесіз.
Сайып келгенде, біздің мақсатымыз – дәстүрімізбен біте қайнасқан дінімізді, әдет-ғұрпымызды дәріптеп, жастарды бабалар салған сара жолмен жүруге үндеу. Алла Тағала игі істерімізге мол сауаптан жазсын! Әмин!
«Мұнара» газеті, №19, 2022 жыл
Пікір қалдыру