Елордадағы Республикалық бас мешітте ҚМДБ-ға қарасты «Munara TV» телеарнасының орталық студиясы ашылды. Студияның ашылу рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысып, жаңа студияның жұмысына сәттілік тіледі.
Студия жұмысын телеарна басшысы Еркін Шәкірұлы таныстырды. Студия үш бөліктен тұрады. Біріншісі хромакеймен жабдықталған. Мұнда кез-келген бағыттағы сұхбат, дәрістер түсіруге болады. Студияның негізгі бөлігі жаңалықтар мен еркін форматтағы сұхбатқа арналған. Сондай-ақ аппараттық студиялық кешен телеарнаға қажетті соңғы заманауи техникамен толық жабдықталған. Аталған кешеннің көмегімен жұма намазын, айт намаздарын, Қадір түнінде өтетін діни рәсімдерді толық тікелей эфирде көрсетуге мүмкіндік бар. Бұл ретте мешіт бағаналарына орнатылған 4К форматында түсіретін 7 камераның көмегімен қажетті телевизиялық кадрды қамти алады.
Студия заманауи дыбыс жазу құрылғыларымен де қамтылған. Одан бөлек түсірілген өнімдерді жинақтайтын сервер, монтаж бөлмесі, подкаст түсіруге арналған дыбыстық құрылғылар бар.
Айта кетейік, ақпарат кеңістігінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл телеарнасы 2020 жылдан бері хабар таратып келеді. Алғаш эфирге шыққан сәтте «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік телевизия желісіне тіркелсе, қазіргі таңда цифрлық телехабар тарату желісі арқылы республиканы қамтып отыр. Қазіргі таңда «Munara TV» телеарнасының 9 облыста тілшілер қосыны бар.
Пікір қалдыру