АМАНАТҚА БЕРІК БОЛУ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Аманат сөзі уақытша берілген нәрсеге иелік етіп, қызғыштай қорып, өзінің негізгі иесіне қайтаруды білдіреді. Аманат – адамның бойындағы ең асыл қасиет. Халқымыз «Аманат – молшылық әкеледі, қиянат – кедейлік әкеледі» деген. Яғни аманат бұзылған жерде қиянат қанат жаяды. Ондай ортада ынтымақтың іргесі сөгіледі, берекенің қамалы бұзылады. Аманаттың түрі көп. Ең үлкен аманат адамның – жаны. Бұрынғы абыз бабаларымыз: «Алланың аманатқа берген жанын, кезегі келген кезде қайтарамын» деп бекер айтпаса керек.

Сондықтан аманат сөзінің астары тереңде жатыр. Бұл – адамдар арасында үлкен жауапкершілікті білдіретін іс. Әсіресе, қазақтың күнделікті тіршілігінде бұл ұғым адамшылық белгісі ретінде қолданылады. Халқымыз «Біреу берсе аманат, қылма оған қиянат» деген.

Шариғатта аманат деп сенімді адамға өзгенің уақытша сақтауға берген бағалы заттары мен қалдырған мүлікке айтылады. Аманатқа ешқандай зиян тигізбей, дәл сол күйінде иесіне қайтару – міндет һәм сауапты іс.

Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لاَ تَخُونُوا اللهَ وَالرَّسُولَ وَتَخُونُوا أَمَانَاتِكُمْ وَأَنْتُمْ تَعْلَمُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Аллаға және Пайғамбарға опасыздық жасамаңдар. Егер олай істесеңдер, араларыңдағы аманаттарыңа да біліп тұрып қиянат жасайтын боласыңдар», – деген («Әнфал» сүресі, 27-аят).

Келесі аятта:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ ۚ إِنَّ اللَّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُم بِهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا

«Шын мәнінде, Алла Тағала сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етер болсаңдар, әділдікпен үкіметулеріңді әмір етеді. Расында, Алла сендерге нендей керемет насихат айтуда. Шүбәсіз Алла, толық естуші, бәрін көруші», – деп айтқан («Ниса» сүресі, 58-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

أدِّ الْأمَانَةَ اِلَى مَنْ اِئْتَمَنَكَ و لاَ تَخُنْ مَنْ خَانَك

«Саған сенім білдіргеннің аманатын тапсыр. Біреу саған қиянат істеген болса, сен оған қиянат істеме», – десе, келесі хадисте:

وَلَا تَجْتَمِعُ الْخِيَانَةُ وَالْأَمَانَةُ جَمِيعًا

«Аманат пен қиянат бір жерде тұрмайды (жиналмайды)», – деген.

 

Аманатшылдық – үлкен қасиет

Иман сөзі мен аманат сөзі араб тілінде «әмәна» деген бір түбірден тарайды. Яғни мүминнің бойындағы аманатшылдық қасиеті сол иманының жемісі десек болады. Басқа қырынан талдайтын болсақ, екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Иманы толық адам аманатшыл келеді, ал аманатқа берік мүмин кісінің иманы толық деп айта аламыз. Аманатқа қиянат – иманға, өзінің сеніміне қиянат деген сөз.

Мұсылманның бойындағы әрбір ізгі қасиет иманынан тарайды. Жаратушы Алла Тағаланың «Әл-Мумин» деген көркем есім-сипаты бар. Мағынасы: «Өзіне иланған пенделерін панасына алушы, түрлі қасіреттен сақтаушы» деген сөз. Аманат сөзі осы сөзбен түбірлес. Сондықтан аманатшыл адам Құдай Тағаланың осы сипатына сыйынып, қамқорлығына алғандарға пана болады, қиын-қыстау сәтте қасынан табылып жанашырлық танытады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлықтарың бақташысыңдар және барлықтарың қол астыларыңдағы кісілерге жауап бересіңдер. Басшы қол астындағыларға жауапты, ер кісі отбасына жауапты, әйелі күйеуінің үйіне жауапты, қызметші қожайынның малына жауапты», – деген (Бұхари).

 

Қисса

Мүминдердің әмірі Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) халифалығы кезінде түн жамылып, халықтың жай-күйімен танысып жүреді. Бір кезде сүтке су қосқан анасына сөйлеп жатқан қыздың дауысын естиді: «Уа, анашым! Мұсылмандарды алдап, берген сертті бұзып, мүминдердің әміріне өтірік сөйлеп жатсың ба? Халифа Омар бұлай жасауға тыйым салған жоқ па?» – дейді.

Анасы оған: «Мүминдердің әмірі мені көріп тұрған жоқ қой!» – деп сұрайды. Қызы: «Бізді мүминдердің әмірі көрмесе де, әлемдердің Раббысы көріп тұрған жоқ па?» – деп жауап береді.

Халифа Омар (Алла оған разы болсын) әлгі сүт сатушының қызын осындай аманатқа беріктігі үшін өзіне келін етіп алған болатын.

 

Аманат – Алла Елшісінің асыл қасиеті

Аманатшылдық Әзиз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойында күндей жарқырап көрінген асыл қасиет. Дүние есігін ашқаннан, ғұмырының соңғы сәтіне дейін оның мүбәрак ауызынан жалған сөз шықпаған. Пайғамбарлық келмей тұрып, Құрайыш халқы оны «Әмин» деп таныды. Оның әрбір сөзі мен ісі шынайылыққа толы болды. Тіпті пайғамбарлық берілгеннен кейін де мүшриктер өз дүниелерін оған сеніп тапсыратын. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке шаһарынан Мәдинаға һижрет жасайтын уақытта өзіне аманатқа берілген дүние-мүлікті өз иелеріне қайтару үшін Хазіреті Әлиге тапсырып кетеді. Мүшриктер қауымы хақты мойындамаса да, Әзиз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аманатшылдығын мойындап, оның осы асыл қасиетіне ешкімді ортақ етпейтін.

 

Кілт аманаты

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында  қажылықтың әр рәсімі құрайыштықтардың белгілі бір топтарының қол астында болатын. Бір топтан басқасының барлығы бұл құзырдан айырылып қалады. Мекке алынғаннан кейін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кілтті өзіне алып қалудың орнына Бани Шәйба әулетінен шыққан Осман ибн Талхаға ұсынады. Бұл әулет көптеген жылдар бойы Қағбаның қорғаушысы болып келген. Пайғамбарымыз кілтті ұсынған кезде «Уа, Бани Талха! Бұны ал, әділетсіз, зұлым басшы келмесе, Қиямет күнге дейін сендер оны иелік етесіңдер», – деп, қасиетті Қағбаның кілтінің иесін тағайындап, аманаттап кетеді.

Міне, қазіргі күнге дейін, халифтар, сұлтандар мен патшалар сияқты жоғары лауазымды тұлғалар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзіне бойұсынып, Қағбаға кіру үшін осы меккелік қарапайым жанұядан рұқсат сұрайды.

 

Қиянатшылдық неден туады?

Аманатқа қиянат қылу – ең үлкен қылмыс. Адамға берілген ақыл, ғылым һәм адамға берілген жузи ықтиярдың өзі аманат есебінде. Құран да – аманат. Құдайдың алдында жаманатты болмайын десең, аманатқа қиянат жасамаған жөн. Бізді қоршаған ортаның барлығына аманат деп қарасақ, көптеген мәселелер шешілер ме еді?

Хакім Абай: «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла Тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала. Оның үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады, я ол балалары өздері барған болады – ешбір бәһра болмайды. Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқадқа да қиянатпенен болады. Бұл қиянатшылар – жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман. Олардың адамдығының кәмәләт таппағы – қиынның қиыны. Себебі Алла Тағала Өзі – хақиқат, растықтың жолы. Қиянат – хақиқат пен растықтың дұшпаны», – дейді.

Міне, сол үшін аманат жоқ жерде салғырттық басым болады. Әсілінде, іс өзінің иесін сүйеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аманатқа қиянат жасалса, қияметті күте беріңдер (қиямет жақын қалғаны)», – дейді. Сонда сахабалар: Уа, Алланың елшісі! Оны қайдан білеміз?» – деп сұрайды. Сол уақытта Әзиз Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Іс өз иесіне тапсырылмаса, қияметті күте беріңдер», – деген екен (Бұхари).

 

Қисса

Бірде Иса пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Уа, Рухулла! Өліні тірілтетін дұғаны маған үйретсең», – дейді. Иса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Барып, бұл ойыңды мыйыңнан шығар немесе өзіңе зиян болады», – деп айтады. Әлгі адам: «Әрине, үйретесің», – деп тұрып алады. Иса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) сараңдық қыла алмастан үйретеді. Әлгі адам дұғаны үйреніп алып кетіп бара жатқанда бір жерден қурап қалған сүйектердің жатқанын көреді де: «Мына дұғаны осыған оқып көрейінші, тірілер ме екен?» – деп үйренген дұғасын оқиды. Сөйтсе, ол шіріген сүйектер арыстанның сүйектері екен. Арыстан тіріліп, әлгі адамды бөлшектеп тастапты.

Дегенмен адам баласына жүктелген аманаттар көп. Оның әрбірінің сұрауы мен жауапкершілігі бар. Біз мұнда аманаттың бірнеше түрінен мысал келтіреміз. Атап айтқанда:

 

  1. Дін – аманат

Қасиетті Құранда Алла Тағала:

إِنَّا عَرَضْنَا الأمَانَةَ عَلَى السَّمَاوَاتِ وَالأرْضِ وَالْجِبَالِ فَأَبَيْنَ أَنْ يَحْمِلْنَهَا وَأَشْفَقْنَ مِنْهَا وَحَمَلَهَا الإنْسَانُ إِنَّهُ كَانَ ظَلُومًا جَهُولا

«Расында, біз аманатты жеті қат көкке, жерге және тауларға (мойындарыңа алыңдар деп) ұсындық. Алайда олар оны мойындарына алудан қашты, оның ауыр жауапкершілігінен қорықты. Сөйтіп, оны адам баласы өз мойнына алды. Шүбәсіз, адам баласы тым залым (яғни, әділдікке қас, қателікке, күнәға жақын һәм жауапсыз келеді) әрі өте надан (ақиқаттан бейхабар, ғапыл, парықсыз һәм нәпсісіне ергіш) келеді», – дейді («Ахзаб» сүресі, 72-аят).

Аяттың тәпсіріне үңілетін болсақ, ғалымдар Құранның осы аятында аманат сөзінің бірнеше мағынасы бар екендігін айтады.

Фахруддин Рази: «Аяттағы аманат сөзінің мағынасы «тәклиф», яғни адамға жүктелетін дін аманаты. Оның қоршаған табиғатқа еш қатысы жоқ. Себебі көктер мен жерге һәм тауларға дін міндеттері жүктелмейді. Олар Құдайдың әубаста жаратқаны бойынша өз қызметтерін атқарып келеді. Тіпті періштелер де құлшылығы үшін сұралмайды. Өйткені олардың Құдайға құлшылық жасауы, біздің ішіп-жеуіміз сияқты нәрсе. Жаратушыны ертелі-кеш зікір етіп, құлшылықтан бір сәтке де босамайды. Дін – аманат. Ұстансаң қасиеті жұғады, ұстанбасаң кесірі тиеді», – дейді (Фхруддин Рази, Мафатих ғайып).

Тәклиф – дін аманаты. Балиғат жасына жеткен адамды «мүкәллаф» дейді. Яғни дін аманаты жүктелген мұсылман. Ақиқатында әрбір діни жоралғыда, міндет болған істерде адамның дүниесі мен ақыреті үшін көмес-көрнеу пайдалар жатыр. Балаға кішкентайынан соларды үйретпек – мұсылманның борышы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Балаларыңа үш түрлі қасиетті дарытыңдар: пайғамбарларын сүюді, оның отбасын сүюді һәм Құран оқуды. Себебі Құран оқығандар қияметте Алланың рақым саясында пайғамбарлармен, әсфиялармен бірге болады», – дейді (имам Дәйләми).

Сонымен қатар Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу құтпасында: «Сендерге екі үлкен аманат қалдырып барамын, оны мықтап ұстасаңдар жолдарыңнан мүлде адаспайсыңдар. Ол – Алланың кітабы Құран және Елшісінің сүннеті», – деген (Хаким). Сондықтан дініміздің қайнар бұлағы Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың сүннеті бізге қалдырған ең үлкен аманаты.

 

  1. Отбасы – аманат

Дініміз Исламда отбасылық құндылықтарға ерекше мән берілген. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасылық өмірінде жұбайларына мейіріммен қарайтын адал жар, балаларына көркем тәрбие беретін өнегелі әке болуы арқылы біздерге үлкен үлгі-өнеге көрсете білді. Өйткені кез келген қоғамда адами жақсы қасиеттердің кеңінен тарауы үшін әр отбасының береке мен бірлікте өмір сүруінің маңызы зор. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 187-аятында:

هُنَّ لِبَاسٌ لَكُمْ وَأَنْتُمْ لِبَاسٌ لَهُنَّ

«Олар (әйелдер) сендер үшін киім (іспетті), сендер де (ерлер) олар үшін дәл сондай киім секілдісіңдер», – деп айтқан. Аталмыш аятта Алла Тағаланың ерлі-зайыпты адамдарды киімге теңеуі тегін емес. Себебі киім адамды ыстық пен суықтан қорғайды, денесіндегі кемшілігін жабады, бойына көрік береді. Сол сияқты ерлі-зайыпты адамдар да, біріне қамқор, жақсылығын асырып, кемшілігін жасырып, бір-біріне көрік бола білуі тиіс.

Әр отбасының іргесі мықты болып, түтіні түзу шығуы үшін отбасындағы ер мен әйелдің өзіне жүктелген міндеттерге, отбасылық әдептерге мән бергені дұрыс. Сонда ғана ол шаңырақта сыйластық пен сүйіспеншілік орнайды.

Сондықтан ер мен әйел бір-біріне аманат. Оларға берілген перзент те – аманат. Әрбір ата-ана олардың ішіп-жеуімен қатар, тәрбиесінен де сұралады.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасы мүшелерінің аманаты жайлы айтқан хадистері өте көп.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Әйелдер – сендерге берілген Алла Тағаланың аманаты», – деп (Ибн Жәрир), ер азаматтың әйелін сырт көзден қорғап, қажеттілігін өтеп, өзімен бірге жәннатқа жетелеуін жеткізген.

Келесі хадисте: «Жұбайларыңды ренжітпеңдер! Ол – Алла Тағаланың сендерге берген аманаты», – деген (Мүслим).

 

  1. Отан – аманат

Әрбір адамның туған жері, өскен өлкесі бар. «Отансыз адам – ормансыз бұл-бұл» деп айтылғандай, адам баласын Отансыз, туған жерсіз елестету қиын. Адамның дүниеге келіп, топырағына аунап-қунап өскен жерін «Отан» деп атайтын болсақ, Отанға, туған елге, оның топырағына деген сүйіспеншілік – әрбір жан үшін аса киелі ұғым саналуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің туып өскен өлкесін қатты жақсы көретін еді.

Алла Елшісі бір күні сахабаларымен Ұхұд тауының қасынан өтіп бара жатып:

هَذَا أُحُدٌ وَهُوَ جَبَلٌ يُحِبُّنَا وَ نُحِبُّهُ

«Мынау тұрған Ұхұд тауы. Бұл тау бізді жақсы көреді, біз де оны жақсы көреміз», – дейді. Осылайша Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздерге туған жерді, оның әрбір тауы мен тасын, өзені мен суын жақсы көріп, бағалауға үйреткен.

Асыл дініміз Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғауды міндеттейді. Олар: Отаныңды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді.

«Торғай екеш торғай да, өз ұясын қорғайды» демекші, әрбір мұсылман адам өз Отанын жақсы көріп, оған адал қызмет етіп, қиянат жасаудан аулақ болуы керек.

Ата-бабаларымыз түрлі жағдайлармен елінен жырақ кеткенде туған жердің топырағын, жусанын өзімен бірге алып жүретін болған. Елін, жерін сағынғанда есіне алып, сол топырақтан иіскейді екен. Туған жердің ауасы, топырағы жанға шипа, тәнге дәру. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеріміздің топырағы, аузымыздың суы, Раббымыздың қалауымен ауруымызға шипа болады», − деп айтқан (имам Бұхари).

Сондықтан туған жеріміздің қадірін біліп, өз Отанымызды жақсы көріп, оған қиянат жасамауымыз керек.

 

  1. Жастық шақ – аманат

Жастық шақ – әрбір адамның өміріндегі ең бақытты кезеңі. Өйткені, бұл балғын кезеңді асуларды алып, белестерді бағындыратын мүмкіндік деп білген жөн. Жастық шақ – адам баласының ең тартымды әрі ең белсенді кезеңі. Өмірдің шыңы, қайрат-жігерге толы, жалындаған шақ. Тепсе темір үзер күш-қуаты тасып тұрған тәуекелге толы кезең. Құранда Алла Тағала жастық шақты екі әлсіздіктің арасындағы кезең деп сипаттайды. Екі әлсіздік деп балалық шақ пен адамның кәрілік кезеңін меңзейді. Құран Кәрімде:

اللَّهُ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن ضَعْفٍ ثُمَّ جَعَلَ مِنْ بَعْدِ ضَعْفٍ قُوَّةً ثُمَّ جَعَلَ مِنْ بَعْدِ قُوَّةٍ ضَعْفًا وَشَيْبَةً

«Алла сендерді әу баста тым әлсіз етіп жаратады. Кейін ол әлсіздіктен соң (буындарыңды бекітіп) күш-қуат береді. Содан кейін күш-қуатыңды кемітіп, қайтадан әлсіз һәм қарт қылады», – делінген («Рум» сүресі, 54-аят).

Балалық шақ – әлі жетілмеген кезеңі болса, кәрілік шақ адамның жетілген уақыты болғанымен қуаты кеткен кезеңі. Адамның негізгі өмірі осы орта кезеңді қамтиды. Сол себепті көбірек сұралатын өмір кезеңі де осы екі әлсіздіктің ортасындағы – қуатты кезең. Қиямет күні адам баласының сұралатын негізгі төрт сұрағының бірі – жастық шақ. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

لَا تَزُولُ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ أَرْبَعِ خِصَالٍ : عَنْ عُمُرِهِ ، فِيمَ أَفْنَاهُ ؟ وعَنْ شَبَابِهِ ، فِيمَ أَبْلَاهُ ؟ وَعَنْ مَالِهِ ، مِنْ أَيْنَ ؟ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ ؟ وَعَنْ عِلْمِهِ ، مَاذَا عَمِلَ فِيهِ ؟

«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адым орнынан тапжылмайды», – деген.

Әрбір адам жастық шағын өкінішпен емес, өнегелі жолымен еске алатындай болса, бұл басқа қонған бақыты. Жаратушыдан берілген жастық шақты дұрыс бағытқа (ақыл-ой мен дене құлшылығына) және ізгі амалдарға жұмсау аса маңызды. Жастық шақ – бізді өмірдің негізгі бөлігіне дайындайтын трамплин. Сондықтан жас кезден бастап діннің негіздерін дұрыс үйреніп, оны қалған өмірімізде пайдалана алсақ, нұр үстіне нұр болады.

Бұл жастық дәурен ақиық ақын Мағжан атамыздың тілімен айтсақ, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты болатын уақыт. Иә, қарап отырсақ, бойына имандылықты сіңірген бабаларымыз жасынан ерте есейіп, елдің ертеңін ойлады. Бірін-бірі жігерлендіріп, бір-біріне жақсылықта жаршы бола білді. Сол ұлы бабаларымыздың дәурен шақтары құр ойын, бос күлкімен емес, естіліктің үлгісімен қалыптасты десек артық емес.

Мәселен, Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпесөмір , таусылмас мал берерлік

Бір білімді данышпан жан табалық, – деп заманындағы жастарды арамдықтан сақ болуға шақыруда және білімді жанның етегіне жабысу керек екендігін өлеңмен өрді. Міне, бабаларымыздың мұншалықты жалынды жастық шаққа ықтияттылық пен көңіл бөлуі бекер емес.

 

  1. Жанымыз да, тәніміз де – аманат

Адам баласына берілген өмір де – аманат. Сондықтан дінімізде өз-өзіне қол жұмсауға қатаң тыйым салынған. Науқастыққа ұшырау, әділетсіздікке түсу, жала жабылу, өзінің қалауына қолы жетпеу секілді түрлі себептерді желеу етіп, ешкім де өзін өлімге қиюына қақысы жоқ. Суицид та жанға жасалған қиянат. Адам сабыр мен тәуекелді серік етіп, өмірді сынақ ретінде түсініп, ондай қадамға бармауы керек. Ислам діні әрдайым өмірді, ақылды, дүние-мүлікті, дінді, ұрпақты сақтауды негізге алады.

Адам баласына берілген тән де Алланың сансыз нығметтері. Тәнімізді де түрлі жамандықтан, зиян істерден қорғау да – аманат.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қол – адамға берілген аманат, онымен харам болған нәрсені ұстама! Аяғың – саған берілген бір аманат. Онымен харам жерге барма! Көбею құралы да саған берілген бір аманат, онымен зина жасама», – деген.

Яғни әрбір мүше бізге берілген аманат. Бүкіл денені бір мүше етіп қарамай, әр мүшені жеке аманат етіп берген. Көз – жақсы нәрсені көруге, құлақ – жақсыны естуге, тіл – дұрыс сөйлеуге қажет дегендей, он екі мүшеміз бен шаштың әрбір қылы да аманат екенін ұғынуымыз қажет. Осы аманаттарды Алланың разылығынан басқа жолға жұмсау – аманатқа қиянат болып табылады.

Себебі адам баласы өзіне берілген жаны мен тәнінен түбі сұралады. Өмірде адамға берілген еш нәрсе сұраусыз қалмайды.

 

Құрметті жамағат!

Аманат сөзінің ауқымы кең. Ол адам өмірінің барлық қырларын қамтиды. Аманат берген сөзіне, тапсырылған іске һәм уақытша иелік ететін нәрсеге өзінің мүлкі һәм өзінің ісі ретінде қарау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңе қалағанды өзгеге тілемейінше кәміл мұсылман болмайсың», – деді. Аманатшылдық мұсылманның асыл қасиеті. Онсыз иманы толық болмайды. Әзиз Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аманатқа қиянатшылдың иманы – жоқ. Серттен тайғанның – діні жоқ», – деген (имам Ахмад).

Қорыта айтқанда, аманат әрбір пенде үшін қастерлі ұғым болуы тиіс. Өйткені әрбір күніміз, уақытымыз, қысқасы ғұмырымыз біздерге берілген уақытша аманат. Халқымыз аманатты орындауға үлкен мән беріп, оны орындап болғанша өзіне қарыз санаған. Сол себепті: «Біреуден алған аманат, берсең жақсы – саламат», – деген.

Жаратқан Алла аманатқа қиянат жасамайтын, Өзінің сүйікті құлдарынан болуымызды нәсіп етсін. Әмин!

 

[1] Бекен Қайратұлы, Аманатқа қиянат жүрмейді.

[2] Әбу Дәуіт  ибн Ашғас әс-Сижистани. Сүнән Әби Дәуід. Китаб әл-буюғ, 3534 хадис, ІІІ т. – 804 б.

[3] Ахмад ибн Ханбал. Муснад әл-имам Ахмад ибн Ханбал. 8593 хадис, 14 т. – 251 б.

[4] Таңдау еркі.

[5] Абайдың 38-қара сөзі.

[6] Жүрегін саф күйінде ұстаған Алланың сүйген құлдары.

[7] Тұрманжанов Ө. Қазақ мақал-мәтелдері. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 43 б.