АЯГӨЗДЕ «АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ ЖЕРЛЕУ РӘСІМІ» АТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы мен облыстық “Қамқор-Шарапат” салттық қызмет көрсету орталығының директоры Арман Иманкалиев Аягөз ауданына жасаған іс-сапары барысында аудан ақсақалдары мен дін қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылған «Ас беру мәдениеті және жерлеу рәсімі» атты жиын өткізді. 

Аудандық мешіттің бас имамы Алмас Айткәрімұлы бастаған ауыл имамдары және ардагерлер кеңесінің басшысы, ауыл әкімдері, мешіт ақсақалдары қатысқан жиында облыстың бас имамы ҚМДБ тарапынан қабылданған «Ас беру мәдениеті» мен «Зират және зиарат мәдениеті» атты құжаттарды таныстырды. Семей қаласында осы істердің қолға алынғандығын, сонымен қатар бірізділіккке келу үшін атсалысуды айтып өтті.

Келелі кездесуде облыстық “Қамқор-Шарапат” салттық қызмет көрсету орталығының директоры Арман Иманкалиев жерлеу рәсімдері шариғат нормаларына және ата-баба дәстүріне сай болуымен бірге, өркениет көшінен де артта қалмауы керек екенін көпшілікке түсіндірді. Ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермеу керектігі басты назарда болсын деді маман сөзінде.

Жиын соңында үндеу қабылданып, бірауыздан келісілді. Сонымен қатар, ақсақалдар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап берілді.