Иншалла» – «Құдай қаласа», «Алла бұйыртса» деген мағынадағы діндар адамның қандай да бір іске болжал айтқанда Аллаға ғибадат етуін білдіретін сөзқолданыс.
«Сұбханалла» – «Кемшіліксіз Алла», «барлық кемшіліктерден ада Алла» деген мәнде қатты қорқып, таңғалғанда айтылатын сөз.
«Машалла» – Алланың қалағаны деген мағынадағы бір іске таң қалғанда немесе жақсы баға бергенде қолданылатын сөз.
Бұл сөздер Алланы дәріптеу, зікір ету болып саналады. Оның артықшылығы әрі қай кезде айтылатындығы туралы Құран мен хадисте баяндалған.
Әбу Ләйс әс-Самарқанди былай дейді: «Кім мына жеті сөзді үнемі айтып жүрсе, Алланың және періштелердің құзырында дәрежесі жоғары болады, күнәсі теңіздің көбігіндей болса да Алла оны кешіреді, құлшылықтың ләззатын татады, өмірі мен өлімі жақсылыққа толы болады:
- Әрбір істі бастағанда «бисмилләні»;
- Әр істі аяқтағанда «әлхамду лилләһты»;
- Бос сөз айтса немесе азды-көп қателік істеп қойса «Астағфирулла» сөзін;
- Ертең бір нәрсе істеуді қаласа «Иншалла» деу;
- Жаман бір іске кезіксе «Лә хаула уә лә қууатә иллә билләһил алиил азим» деп айту;
- Жақын адамынан немесе мал-мүлкінен айырылғанда «Иннә лилләһи уә иннә иләйһи рожиғун» сөзін айту;
- Күндіз-түні «Лә иләһә иллаллоһ» сөзін жиі айтып жүру».
Дегенмен азан шақыру, намаз оқу т.б. шариғатта тек араб тілінде орындалатын құлшылықтан тыс зікір, тәсбих сөздердің мағынасын қазақ немесе басқа тілде айтуға болады. Бірақ арабша айту абзал.
Ибн Қудама: «Алла Тағаланы араб тілінен басқа тілде зікір етуге рұқсат. Өйткені негізгі мақсаты – Алланың есімін атау. Ол барлық тілмен жүзеге асады. Бірақ намаздағы тәкбирлерді арабша айту керек», – деген.
Сұбханалла, астапыралла, иншалла тағы басқа сөздер Әбу Бәкір Кердері, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Міржақып Дулатұлы және т.б. ақын-жазушылардың шығармаларында қолданылған. Мысалы:
«Той ұшты бұрынғыдан тоғыз қалып,
Бәйгіден қорқақ келді, батыр қалып.
Ескі сөз сүрегі өткен ант секілді,
Азамат законды алды нақыл қалып:
Бұл сөзді асып айтсам, сұбханалла!
Жарандар, бір шамаға жақындадық (Әбубәкір Кердері, «Қазағым»).
«Оның сөзінен қатты шошынып, үй ішіндегілердің бәрі «астапыралла» деп жағаларын ұстады» (С.Мұқанов, «Өмір мектебі»).
Иншалла, халыққа берер үлкен тәһсир,
Жерлерде екі талай дауыстарың.
Өлсең шаһид, ғазысың тірі болсаң,
Қызметке берер ажар құдірет кәрім (М.Дулатұлы, Шығармалары).
Сондықтан Иншалла, Сұбханалла, Машалла деген сөздерге арабтың ғана тілі емес, бүкіл мұсылманға ортақ құлшылық сөзі деп қараған жөн. Алланы зікір ету сөздерін намаз, азан секілді құлшылықтан тыс арабшасын да, мағынасын басқа тілде де айтуға болады. Алайда құлшылық сөзі болғандықтан арабша айтқан дұрыс.
Бауыржан Әбдуәлі
Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы
[1] Тәбиһу әл-ғафилин, 284-бет.
[2] Әл-Муғни, 13/260.
Пікір қалдыру