Алланың Өзі де рас, сөзі де рас – деп Хәкім Абай жырлағандай, Құран – хақ сөз. Бұған дау жоқ. Алланың әрбір аятына иман ету мұсылманға парыз, сондықтан, біз оған иман келтіреміз.Ата-бабамыз сонау сан ғасырлық тарихымыздан Ислам дінін нақ ұстанып , Аллаға деген сенімін тұғырдан еш түсірген емес. Міне осы болаттай берік сенімнің арқасында көркем дініміз, ұрпақтан ұрпаққа еш бояусыз жалғасуда.Бұл мақаламызда Матруди ақидасы мен ата-бабамыздың сенімін ұштастырып жекізетін боламыз.
Имам Матуриди әлемі
Әбу Мансұр Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди Самарқандтың Матруди деген ауылында (шамамен һ.248/ м.862 жылы) дүниеге келген.Имамның өмірі жайында деректер өте аз, десекте Имамның еңбектеріне қарай отырып,оның кәләм, мәзһабтар тарихы, фиқһ әдістемесімен тәпсір саласында елеулі орыны бар ірі ғалым екендігін пайымдауға болады.Еңбектеріндегі тұжырымдарды әһлу сүннеттің басты қағидаларына әрі Құран аяттары мен хадистерге сүйеніп, әрі ақли дәлелдер арқылы жүйелеген.Әсіресе, ол кісі муғтазилә мен шииттік түсініктегі мұсылмандарды қатты сынға алған.
Әбу Мансұр әл-Матуриди ханафи мәзһабын ұстанатын ортада өскендіктен әрі фиқһта, әрі ақидада имам ағзам Әбу Ханифаның жолымен жүрген.Әбу Ханифа фақиһ болуымен қатар, ақида саласындағы алғашқы ғалымдардың бірі екендігі мәлім.Сол себепті де имам Матуриди ханафи мәзһабын ұстанып, ақидада Әбу Ханифаның пікірлерін одан әрі датыта отырғаны түсінікті.Сол себептен болар, кәләм ғалымдары «матруидилік» деп аталатын мектептің негізін қалаушы ретінде – Әбу Ханифаны айтайды. Ал имам Матуриди болса, Әбу Ханифаның айтып кеткен негіздерін нақл және ақли дәлелдермен қуаттап , талдап, жүйелеп бір ізге түсіруші ретінде танылған. Әрі бұл имамның көптеген еңбектерінің ішінде бізге жеткені «Тәуиләтул Қуран» мен «Китәбут-таухид» қана.
Имамның иман және ислам жайындағы көз қарасы , иман – иман негіздерін жүрекпен бекіту, сенімін тілмен айту.Егер адам тілімен иман келтіріп, бірақ жүрекпен бекітпесе, онда ол иман еткен болып есептелмейді.Сол секілді ешқандай кедергі болмасада сенімін тілмен айтпаса, яғни иманын жасырған кісі де мүмин бола алмайды.Иман мен Ислам тілдік жағынан бөлек болғанымен, діни тұрғыда қамтитын ұғымдары бір дейді имам Матуриди. Имам Матуриди 333/944 жылы Самарқандта дүниеден өткен
Қазақ халқының хақ сенімі
Қазақ халқының әһлу сунна, оның ішінде Матуриди ақидасын ұстанғанына мың жылдан астам уақыт болды. Айталық, тарихшы Зия Кабакшы Қарақан дәуірінде Мәураннахрда Ханафи мәзһабының 300-ден астам өкілінің шыққанын айтады. Орталық Азиядан Ханафи мәзһабынан осыншама өкілінің шығуы, сөз жоқ Қарақан дәуірінде бұл мектептің салтанат құрғанын әйгілейді. Ал, Матуриди ақидасының өкілдерінің атын айтар болсақ, Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди (870-944), Әбу Лейс Самархандиді (983 жылы қ.б), Әбу Хасан Ати б. Мұхаммед Бәздәуи (1009-1089), Әбул Қасым Исхақ ибн Мұхаммед әс-Самарқанди (342/953). Әбул Хасан Әли ибн Саид ар-Рустуғфани әл-Ханафи (345/956), Әбу-л Муин ән-Нәсафи (508/1114), Әбу Бәкір ас-Сабуни әл-Бұхари (580/1184) секілді мутакалимдерді көрсете аламыз.
Алтын Орда дәуірінде Дешті Қыпшақ халқының ислам дінін ұстанғанын Ибн әл-Асир, Ибн әл-Уасил, Әл-Омари, Ибн Кәсир, Ибн Батута, Әл-Қалқашанди, Әл-Асқалани, Ибн Арабшах өз шығармаларында жазып қалдырды. Сол кезеңде өмір сүрген Қауам ад-Дин Итхани, Мәула Мұхаммед Низам ад-Дин аш-Шаши, Шейх Ахмет Түркістани, Шайхы Баба Сығнақи, Мұхаммед әл-Женди, Молла Ахмет әл-Женди, Хусаммаддин ас-Сығнақи, Мұхаммед әл-Кердери, Мұхаммад бин Шиһаб ал-Кердери аз-Баззази секілді ғұлама бабаларымыз да Матуриди ақидасын ұстанды.
Алтын Орда империясының қара шаңырағы саналған Қазақ хандығында да Ислам дінінің туы желбіреді. Оған Рузбеханның «Мехман-наме-и Бухара», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашиди», Захир ад-Дин Бабырдың «Бабыр-намасын», Хафиз Таныш әл-Бұхаридің «Абдулла-наме», Шайбанидтер туралы жазылған «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме», Қадырғали Жалайридің «Жамиат-тауарих» атты еңбектеріндегі мәліметтер дәлел бола алады. Мысалы, Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр өз шығармасында «Орталық Азия мұсылмандарының Матуриди ақидасын ұстанатынын айта келіп, «Біздің заманымыздағы ең маңызды кітап «Хидая» деп көрсетеді. Сондай-ақ, Энтони Дженниксон, Джон Кэстль, А.И.Лепшиннің жазбаларында да Қазақ халқының Исламның сунниттік бағытын ұстанғандығы айтылады.
Қазақ хандығы дәуірінде өмір сүрген ақын-жыраулардың поэзиясына да зер салып қарайтын болсақ, Қазақ халқының Хақ дінді берік ұстанғанынан хабардар бола аламыз. Асан қайғы, Сыпыра, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марқасқа, Ақтамберді, Қожаберген, Бұқар, Үмбетей, Шөже, Махамбет және т.б. сөз сүлейлерінің еңбектерінде Ханафи-Матуриди сенім мектебінің сарыны айқын аңғарылады. Тіпті, олардың ізін басқан Ыбырай Алтынсарин, Хакім Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Шәді шайыр да Матуриди ақидасына берік болды.
Заман таласы
Алғашқыда айтқанымыздай қазақ халқы Аллаға деген сенімін тұғырдан еш түсірген емес.Бірақ қазіргі кезде көпшілік теріс ағымдар атап айтсақ, санасы салафизм идеологиясымен уланған жастардың арасында көп талқыға түсіп жүрген сұрақтар өте көп.Олардың бірқатары: «Алланың қолы», «Алланың саусағы», «Аршыда отыр», «Истиуа» деген сөздерге кіріп муташабиһ аяттарды өз алдына би болып, тәпсірлеуінен пайда болып отыр. Құран-Кәрімдегі Алла Тағаланың сипаттарына қатысты аяттарды ашықтауға келгенде, мазһаб ұстанушылар (әһлу-сунна) мен мазһабты мүлдем мойындамайтын уахабшылардың арасында келіспеушілік осы себепті туындайды.
Жалпы, Құран-Кәрімнің «Ықылас» сүресі Хақ-Тағаланы толықтай таныта алады. Десе де, салафилер оған қанағаттанбай муташабиһ аяттарды тікелей мағынасында қабылдап, өрескел қателікке бой алдырады. Мұндай адасушылар жөнінде Құран Кәрім былай дейді:
«…Жүректерінде ауытқу болғандар болса, бүлік қалап және оны түсіндіруді қалап астарлы мағыналы аяттардың соңынан түседі…» (Әли Имран: 7).
Жоғарыдағы аяттардағы «Истиуа» сөзі (теңесу, түзелу, кемелдену, пісу, көтерілу, биіктеу, орнығу, иемдену және бет алу) сияқты мағыналарды білдіреді (Муғжам әл-уасыт, 1-том, 466-бет). Әһлу сунна ғұламалары бұл жөнінде консенсуске (ижмағ) келген.
Муташабиһ аяттарды сахабалардың өзі тәпсірлемеген. Тіпті, аузына да алмаған. Бір күні шәкірттерінің бірі үлкен табиғин Рабиғат Райдан (р.а.) Таха сүресінің: «Рахман Алла Аршыға истиуа етті», – деген бесінші аятын оқып, Алла Тағала Аршыға қалай «истиуа етті? », – деп сұрап келіпті. Сонда ол кісі:
– Қалай екені – белгісіз. Ал «истиуа» – ақылға сыймайды, бірақ, мұның барлығына иман келтіру маған да, саған да міндет», – деп жауап берген екен (Ибн Құдама, Сыфат Ғулу).
Біздің ата-бабаларымызда да бұл тұрғыдан яғни астарлап сөйлеу өнері болған. Оған мына бір оқиғаны мысал етіп келтірер болсақ:
Ертеде шөп шауып жүрген бір жігіттің қасынан екі аттылы өтіп бара жатады. Біреуі жас қыз, екіншісі мосқал тартқан адам. Оларды көрген әлгі жігіт:
– Пай, пай мына қыздың астындағы жорғасын-ай, қасына ерткен жолдасын-ай – дейді. Сонда қыз:
– Әй жігіт, аңдысын-ау аңдысын, аңдап сөйле соңғысын, бұл жігіттің шешесі менің шешемнің қайын енесі – деген екен. Мұны естіген жігіт қатты ұялыпты. Сонда қасындағы кісі қыздың әкесі екен.
Қыз астарлап сөйлеп өзінің мәдениетті әрі көркем сөзді екенін көрсетті. Бұл қыздың парасаты мен көрегендігін аша түсті. Әйтпесе: «Сен неге менің әкемді маған теліп тұрсың» деп жауап берсе де болар еді. Бірақ, олай деген жоқ. Осы тақылеттес Құранда астарлап жеткізу мәнері бар. Оған муташабиһ аяттар мысал бола алады.
Айқын аққа сенбейдi,
Терiс деп дәлел бермейдi,
Көкейiне енбейдi,
Құлағына құйғаным – деп Шәкәрім атамыз айтқандай бос таласқа салынбайық, «истиуаны» қалай екенін біліп-білмеу бізді иманнан айырмайды. Құран Кәрім баян еткендей жүрегінде дерті бар адам болмайық.
Абай атамыз өзінің қара сөздерінде, өлең-жырларында ақида(сенім) жайлы көпшілік қарапайым адам біле бермейтін терминдерді қолданған.Атап айтсақ 38-ші қара сөзі, және де бұл қара сөзінің негізгі атауы «имандылық кітабы».
Яғни, Абай атамыз бұл кітәпті ауыл балаларына арнап жазған, ішінде толығымен ислам дініне қатысты мәтіндері бар.Мыс: Алланың зати сипаты алтау, субутиі сегіз дейді.Бұл сөздерден Абай Хәкімнің Ханафи мәзһабының белді өкілі екенін, сонын ішінде Матуриди сенім мектебін ұстанатынына еш күмән жоқ.Жәнеде қара сөздерінде келтірген бұл сөздерін көпшілік тарихшы болмса бір әдебиет танушы адам ашып түсіндіріп бере алмайды. Өйткені бұл Ислам танушы соның ішінде ақида(сенім) саласының өкілдерінің тісі батып, түсіндіріп бере алатын мәселелері.
Қорыта айтқанда біз ақидасы анық, мұсылманшылығы мығым, дінді дәстүріне айналдыра білген елдің ұрпағымыз. Сондықтан болмысымызбен біте-қайнасып жатқан ата дінімізді ардақтай білейік. Ислам дінімен сабақтасып жатқан салт-дәстүрімізді насихаттай білейік. Өйткені, оның артында – дәстүрлі Ислам дінінің насихаты жатыр. Ал, енді салт-дәстүріміз бен қазақи болмысымызға жорық жариялағандар қазақты ата дінінен алшақтатуға тырысып жатқанын ұмытпағанымыз жөн.
Ғалымбек ДОЩАНОВ
Семей қаласы «Хакім Хазірет» мешітінің бас имамы
Пікір қалдыру