ТАЛАП, ЕҢБЕК, ТЕРЕҢ ОЙ…

Бар қазақтың жанашыры, адамзаттың бәрін бауырым деп сүюге шақырған, өмірін ізгілікті насихаттауға арнаған Абай атамыз бір өлеңінде:

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой,

Бес асыл іс көнсеңіз, – дейді.

Адам баласының бойынан табылуға тиісті жақсы қасиеттер мен ізгіліктердің көп екендігі белгілі. Дегенмен, Абай атамыз «Ғылым таппай мақтанба», – деп аталатын өлеңінде солардың ішінен осы бесеуін ерекше атап өткен екен. Даналықтың сусынына қанған дара ақынымыз мұны тектен-текке айтпаған шығар деп ойлаймыз. Ендеше, біз бұл жазбамызда аталмыш игі істердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, олардың адам өміріндегі маңыздылығының қаншалықты терең екендігіне үңіліп көрсек дейміз.

1) Талап – адам баласын алдыға жетелейтін ең басты қасиет. Адамның өзінің ішіндегі талабы таудай болмаса, оны ешкім жігерлендіре алмайды. Сырттан біреу жігер бергенімен, мұның ғұмыры ұзаққа созылмайды. Сол үшін де Абай атамыз «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез», – дейді. Себебі, адамның өзінің талабы болмаса, қандай білімді де қабыл етіп, сіңіре қоюы екі талай.

Ал, мұндай ішкі талапты ояту үшін Абай атамыз:

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз?

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз.

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?  – деп ой салады, яғни, адамның ішкі талабын оятудың бір жолы ретінде өзі таңдаған саланың мамандарынан үлгі алуды көрсетеді. Мысалы, ғалым болғысы келген адам өзінің ынтасын арттырып, білімге деген талабын күшейту үшін ғалымдардың өмірбаянын оқып, солардың жүріп өткен жолдары мен көрген-түйгендерінен айтқан кеңестерін негізге алуы керек. Сол секілді, спортшы болғысы келген адам жарты жолда сынып қалмас үшін, үнемі талабын күшейтіп, алға жүруін тоқтатпау үшін спортшылардың өмірбаянымен танысып, солардың жаттығу барысында қолданған әдістемелерін тәжірибеден өткізіп байқап көруі қажет. Жарыста жеңіліп қалғанда жігері мұқалып қалмасы үшін, жеңімпаз спортшылар сүрінген кезде қайтадан аяққа қалай тұрғанын ғибрат алғаны жөн. Барлық нәрсені осылай салыстырып айта беруге болады.

2) Еңбек. Адам бір орнында тұрып қалмай, үнемі алға жылжып, дамып отыруы үшін тек талаптанып қана қою жеткілікті емес. Сонымен қатар, тынымсыз еңбек те керек. Абай атамыз еңбек еткен адамның еңбегі ешқашан далаға кетпейтіндігін айтқан.

Мұны «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деген кеңестерінен анық көреміз.

Еңбек ету – Алланың жолында күрескендей сауапты амал болып табылады. Олай дейтініміз, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім бала-шағасын асырау үшін еңбек етсе, ол Алла жолында. Қарт әке-шешесіне көмектесу үшін еңбек, онда да Алла жолында. Өзі ешкімге алақан жаймас үшін еңбек етсе, онда да Алла жолында», – деп айтқан екен (Имам Табарани, «Әл-Муғжәмул уасит», 4214).

Еңбек құлшылық-ғибадат үшін де, ілім үйрену үшін де, кәсіп қылу үшін де, бір мамандықты тереңінен меңгеру үшін де, өмірде үлкен-үлкен жетістіктерге жету үшін де қажетті ең басты құрал. Адам еңбектенуін тоқтатпай, үнемі әрекет үстінде болса ғана дегеніне жете алмақ.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) «Амалдардың Аллаға ең сүйіктісі – аз да болса үнемі істелгені», – деген өсиеті (Бұхари, 6465) тынымсыз еңбектің маңыздылығын анық көрсетеді.

3) Дегенмен, еңбектің де жөні бар. Оны да ақылмен жасау керек. Себебі, еңбектенгеннің бәрі керемет болатын болса, ең көп еңбек ететін есек биік дәрежеге жетер еді. Не болмаса, өмір бойы қара жұмыс істеп, еңбектен көз ашпаған қаншама жандар балаларының білім иесі болуларына сонша ынталы болмас еді. Сол үшін Абай атамыз үшінші асыл іс ретінде «терең ойды» айтқан.

Терең ойдың арқасында еңбекті жүйелі түрде жүзеге асыруға болады. Терең ойдың себебімен адам өз өмірінің мәнін таба алады. Өзінің табиғаты мен туа бітті болмысын тани түседі. Сол арқылы қолынан келетін, икемі бар ісін табуына болады. Терең ойдың нәтижесінде айналасындағы адамдарды да терең тани түсіп, олармен көркем қарым-қатынас орната алады.

Терең ойдың арқарсында дүние мен ақыреттің парқына жетеді. Бұл турасында Абай атамыз бір өлеңінде:

Кім жүрмес дүниеге көңіл бермей?

Бақи қоймас пәнидің мінін көрмей.

Міні қайда екенін біле алмассың,

Телміріп терең ойдың соңына ермей.

Дүниеге дос ақыретке бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.

Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың,

Иманын түгел деуге аузым бармас, – дейді.

Абай атамыз бұл өлеңінде ақыреттік бақи, яғни, мәңгілік екендігін және ақыретке деген берік сенімнің мына пәни-жалған дүниенің мінін көрсетпей қоймайтындығын айтады. Ал, адамның ақыретке деген берік сенімге ие болуы үшін терең ойдың маңызды екендігін ескертеді.

Алла Тағала да қасиетті Құран Кәрімнің бірнеше аяттарында адам баласын терең ойлануға шақырады. Мына әлемнің жаратылысына көз жүгіртіп, бізден бұрынғы өткен қауымдардың өмір жолы туралы ойланып, мына дүниенің өткінші өмір екендігін, ал, ақырет өмірінің мәңгілік екенін ұғынуға үгіттейді. Сондықтан, мына әлемде мәңгі қалатын адамдай өмір сүрмей, ақыреттік азық жинауды насихаттайды.

Сол себепті, мұсылман ғұламалары бір сағат терең ойлануды нәпіл ғибадаттардан артық санаған. Себебі, адам терең ойлану арқылы өзінің не үшін ғибадат жасап жатқанын түсініп, алдағы уақытта әлдеқайда ықыласты түрде құлшылық жасай алатын болады.

Қорыта айтқанда, терең ойлану – дүниелік істер үшін де, ақыреттік амалдар тұрғысынан да өте маңызды, әрі, аса қажетті қасиет болып табылады.

4) Абай атамыз айтқан асыл істердің төртіншісі – қанағат. Адамның мүмкіндіктері өте көп екендігіне талас жоқ. Бірақ, шектеусіз деп айта алмаймыз. Себебі, шексіз, щектеусіз – бір Алла ғана. Кез келген жаратылыстың, соның ішінде адам баласының да шегі мен шекарасы бар. Адам өзінің осы шегі мен шекарасын білсе, шамасын дұрыс бағамдай алса, өмірде опық жемесі анық.

Қанағаттың ең керек болатын жері – дүние-мүлік, байлық жинау. Асыл дініміз адамның байлық жинауына тыйым салмайды. Тапқан табысыңыз адалынан болса, қанша табыс тапсаңыз да өз еркіңіз. Дегенмен, қанағатсыздыққа салынып, шектен асып, арам жолға түсіп кетуге болмайды. Мұндай тыйымды бабаларымыз да «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады», – деген екі ауыз сөзбен жеткізіп кеткен. Мысалы, қолында түгі жоқ тақыр кедей сабыр ете алмай жалғыз атын сойып алса, ары қарайғы өмірінің қаншалықты қиын болатындығын ойлай беріңіз. Егер, аты тірі болса, онымен бір кәсіп жасап, еңбек етуге болушы еді. Ал, жалғыз атын сойып алса, етін бірнеше ай ғана талғажау етеді. Одан кейін алдынан мүмкіндіктердің есігі одан сайын тарыла түсері сөзсіз. Сол секілді, қолында барға қанағат етпей, арам жолмен табыс табуға кіріскен адам да өзінің өмір жолын тарылта түсері сөзсіз.

Осы орайда, Алла елшісінің (с.ғ.с.) «Байлық дегеніміз – дүние-мүліктің көптігі емес. Нағыз байлық – жанның байлығы», – деген өсиетін (Бұхари, 6446) жадымыздан шығармағанымыз жөн.

5) Рақым, мейірім – Алла Тағаланың сипаттарының бірі. Алла Тағаланың Әр-Рахман (Аса қамқор) және Әр-Рахим (Ерекше мейірімді) деген көркем есімдері бар. Аса қамқор болатын себебі, Алла Тағала мына дүниеде ешбір жан иесін бөліп-жармастан барлығына бірдей мейірімділік көрсетеді. Бәрімізге де Күн ортақ, Жер ортақ, ауа ортақ, су ортақ. Алла Тағала жаратқан ешбір пендесін рызық-несібесіз қалдырмаған. Сонымен қатар, Алла Тағала – ерекше мейірімді, яғни, ақырет күні болғанда сол пенделерінің ішінен Жаратушы Иесін таныған, Алланың берген нығметтеріне шүкіршілік қылып, Аллаға шынайы иман келтірген пенделеріне ғана мейірім қылады.

Осы орайда, Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз да бізді Алла Тағаладан үлгі алып, мейірімді болуға шақырады. Ол кісі бір өлеңінде

«Алланың пендесіне рақымы бол,

Сен де өзіңдей адамға мейірімді бол», – дейді.

Шынайы мейірімділік көрсету, мұны шын жүрегіңізбен сездіре білу – небір қатып қалған жүректерді жібітіп, жыламайтын көздерден жас ағыза алады. Адам баласы өмірге келгеннен бастап, дүние салғанға дейін айналасындағылардың мейіріміне мұқтаж екендігі белгілі. Сол мейірімге қанған адам ғана қайыры мол бала, мейірімді ата-ана, жанашыр ата-әже бола алады.

Сол үшін де ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Мейірімді болыңдар, сонда мейірімге бөленесіңдер», – деген (Бұхари, Әдәбул муфрад, 380). Бұл хадисті жан-жақты түсінуімізге болады.

Біріншіден, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) басқа бір хадисінде «Мейірімді жандарды Әр-Рахман (Алла Тағала) мейіріміне бөлейді», – деп айтылғандай (Әбу Дәуід, 4941) адамдарға мейірімді болған адамға Алла Тағала да мейірімділік танытады.

Екіншіден, баласына кішкентай кезінен бастап бар мейірімін төккен ата-ана қартайған шақтарында сол баласынан мейірім көреді. Ұстаз шәкіртіне шын мейірленіп, бойында бар білімін үйретсе, сол шәкірті өзінен асып кететіндей ғұлама болып, ілімі мен әдебі келісіп, ұстазының алдында шын ниетімен басын иері сөзсіз.

Қандай жағдайда да адам баласы мейірімділік қасиетіне ауадай мұқтаж. Мейірімділік бар жерде берекелі тіршіліктің болатындығына дау жоқ.

Міне, байқағанымыздай Абай атамыз «Бес асыл іс санаған» аталмыш қасиеттердің қай-қайсы да адам баласына өте қажетті, адамның өмірін жеңілдететін, екі дүниеде де шынайы бақытқа жетелейтін дүниелер екенін көрдік. Ендеше, бұл бесеуін бес қаруымыз деп білейік! Бес қаруымыз сай болуы үшін әрекет етейік!

 

Қуаныш ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ

“Тыныбай” мешітінің наиб имамы