ТҮРКИЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СТУДЕНТТЕР ҚМДБ ӨКІЛІНЕ АЛҒЫС БІЛДІРДІ

«Өздеріңізге белгілі үш күн бұрын Түркияның Газиантеп қаласының маңында магнитудасы 7,5 болатын жойқын жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері бірнеше провинцияларға, соның ішінде Кайсери қаласына да әсер етті» – деп жазады әлеуметтік желіге Кайсери қаласында оқып жатқан докторант Тұрар Түгелұлы.

«Аллаға шүкір адам шығыны мен қираған ғимараттар жоқ. Дегенмен жергілікті халық қатты қорқынышта қалды. Екі күн бойы көпқабатты үйлерде қалу әрине қорқынышты. Себебі жер сілкінісі аздап болса да әлі жие жие орын алуда. Алла ақырын хайырлы етсін. Бір Кайсеридің өзінде университетте және Хасеки академиясында оқып жатқан Қазақстандық студенттер жергілікті мешіттерді паналап жүрміз. Әлі бірнеше күн мешітте болуға тура келіп тұр. Алла сақтансаң сақтайды деген аталы сөз бар. Алла баршамызды қауіп қатерден, зілзаладан аман сақтасын. Осындайда алғаш болып ҚМДБ-ның Түркиядағы өкілі Жандос Айтбай Кайсериде оқып жатқан студенттерге қаржылай көмек қолын созды. Көмек қолын созған барша жандарға алғысымыз шексіз» дейді Т.Түгелұлы.

«Бір миллионнан астам тұрғыны бар Кайсери бос қалды. Жергілікті тұрғындар ауыл аудандардағы саяжайларына кетті. Қалғандары мешіттер мен спорт үйлерін мекендеуге тура келді. Алыстан жақыннан көмек көрсетіп, амандығымызды біліп, қолдау білдіріп жатқан ағайынға алғысым шексіз. Кайсери қаласында біраз қазақ отбасы тқрады. Барлығымыз жиналып, топтасып жүрміз. Ағамдай боп кеткен Тұрар Әбуов ұстаз бар. Жарты сағат сайын хабарласып тұрмыз. Бірақ екеуміз алып қаланың екі шетіндеміз. Бүгін, ҚМДБ қарасты Талаба қауымдастығының жетекшісі Жандос Айтбай хабарласып, қаржылай көмек беріп жатыр. Алла разы болсын!» дейді докторант Ернар Абзалов.

«Студенттердің жағдайын ескере отырып мүмкіншілігімізге қарай Кайсери қаласының Хасеки академиясы мен Эрджиес университетінің 23 студентіне қаржылай қолдау көрсеттік. Сонымен қатар Анкара қаласындағы «Özelif» мешітінің имамына да Түркиялық бауырларға аз да болса қолымыздан келген көмегімізді бердік. Көмек берген жандарға Алла разы болсын!» дейді ҚМДБ-ның Түркиядағы өкілі және «Талаба» студенттер қауымдастығының осы елдегі жетекшісі Жандос Айтбай.