ИМАМДАР АРАСЫНДА ДӘСТҮРЛІ САДАҚ АТУДАН ЖАРЫС ӨТТІ

Бүгін Семей қалалық “Әнет баба” атындағы Қос мұнаралы мешіт қызметкерлері мен Жастар ісі секторының бастамасымен Алаш мергендері клубында имамдар арасында дәстүрлі садақ атудан турнир өтті. Жарыс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының “Ислам және ізгі қоғам” жылы аясында ұйымдастырылған. Шараға 20 дін қызметкері қатысып, финалға 4 адам жолдама алды. Нәтижесінде 1 орынға – “Тыныбай” мешітінің дін қызметкері Олжас Керімбаев, 2 орынға – “Әнет баба” атындағы Қос мұнаралы мешітінің бас имамы Біржан Аманжолов, 3 орынға –  “Хәкім Хазірет” мешітінің ұстазы Арман Нуранов  ие болды.

“Қазақтың ұлттық спорттық ойындары соңғы жылдары дамудың жаңа жолына түсіп, заманға сай жаңғыруда. Солардың бірі – садақ ату. Қазақтың бұл үлттық өнерін меңгерген жас өзінің ата тек-танымын тереңірек зерделейді. Бойында ұлттық құндылықтар қалыптасып, төл тарихын таниды. Әділетті халифалардан болған Омар бин Әл-Хаттаб: «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер», – деген хадисті жеткізген. Бұдан қазақ халқының ежелден дін мен дәстүрлі сабақтастыра алғандығына көз жеткіземіз”, – деді жарыста сөз алған Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы.

Еске сала кетейік, “Алаш мергендері” дәстүрлі садақ ату клубы жуырда Семей қаласында өз жұмысын бастайды. Толық ақпарат: 8 778 418 4818  Ерасыл