“РАДИКАЛДЫ ДІНИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚОҒАМҒА КЕРІ ӘСЕРІ” ИМАМДАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

Абай облысында имамдардың біліктілігін арттыруға арналған “Радикалды діни ұйымдардың қоғамға кері әсері” атты семинар өткізілді. Қала және аудан имамдарының қатысуымен өткен жиында Абай облысы Оңалту бөлімінің маманы Мақсат Ботақанов арнайы дәріс оқып, өкіл имам Асқар Әбітайұлы өз тәжірибесімен бөлісті.

“Кез келген дінді бір қырынан ғана танып, қатаң түрде ұстану салдарынан діни радикалдық көзқарас пайда болып, бір елдің қалыптасқан әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, моральдық-рухани құндылықтарына, жалпы алғанда қоғамның бірлігі мен ынтымағына төндірер қауіпі зор. Мемлекет тарапынан теріс діни ұйымдармен күрес жұмыстары бір жолға қойылған. Діни оңалту саласындағы мамандарға қолдау көрсетілуде. Бізден керегі өзара бірлігімізді нығайтып, бірлесе жұмыс атқару” – деді сөзінде Мақсат Ботақанов.

“Облысымызда діни ахуал тұрақты. Дегенмен, радикалды діни ағым мүшелерімен оңалту жұмысын тоқтатпауымыз қажет. Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық”, – деді Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов.

Семинар барысында Асқар Әбітайұлы имамдарға мешіт жамағатымен тығыз байланыс орнатып, діни оңалту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.