Семей қаласындағы Восточный кентінде “Әбу- Бәкір Сыддық” мешіті ашылды. Мешіттің ашылу салтанатына облыстың бас имамы Асқар Әбітайұлы және облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков, қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов қатысты.
Мұнда бір мезгілде 100 адам құлшылығын жасай алады. Құлшылық үйінің мұнарасының биіктігі – 15 метр болса, ал күмбезінің диаметрі – 4,5 метр, биіктігі – 2,5 метрді құрайды. Мешітте Құран оқу бөлмесі, ерлер және әйелдерге арналған намаз оқу залдары, дәрісхана бөлмелері бар.
“Ұлтымыздың ұлық мерекесі – Наурыз мейрамы мен қасиетті Рамазан айының қарсаңында, есігін айқара ашқалы отырған мешіт қаламыздың көркіне көрік қосып, дінаралық және ұлтаралық татулықтың ордасына айналады деп сенеміз. Кент жамағатының талай жыл армандаған арманы орындалып, қаламыздағы мешіттер саны 15-ке толықты”,- деді облыс әкімінің орынбасары әкімі Шалқар Байбеков.
Айта кетейік, жаңадан бой көтерген Әбу-Бәкір Сыддық мешітінің бас имамы болып Айдын Жүнісбеков тағайындалды.
Пікір қалдыру