Дінді дұрыс түсінген қазақ зиялыларының бірі Ыбырай Алтынсарин еді. Қазақ арасында ораза жайлы алғашқы жазба қалдырған да Ыбырай болатын. Ыбырай Алтынсарин «МҰСЫЛМАНШЫЛЫҚТЫҢ ТҰТҚАСЫ» (Қазан, 1884) кітабында Рамазан айында ораза ұстаудың парыз екені, мүмкіндігі бола тұра ораза ұстамаған адамның ақыретте азап шегетіні, тіпті оразаны не бұзып, не бұзбайтыны жайлы жан-жақты мәлімет берген.
«Рузаның уақыты – таң қызара бастағаннан күн батқанша. Сол екі уақыттың арасында ешбір тамақ асамақ, ішпек дұрыс емес. Хатта мейір қанып дене рахаттанатын яғни үстіне су құйдыру, суға малынған киімге орану рәуіштілер де макруһ. Оразаның шарты сол бас күнінің алдыңғы түнінде ниет етерге керек: «Ей, Құдайым, ниет қылдым келешек күн Рамазан айының оразасын ұстамаққа таң атқаннан күн батқанша» деп. Түнде ниет етуге ұмытып кеткен кісі ораза ұстаған күні түске шейін ниет етсе де болады. Егер тіпті ниет етпесе руза дұрыс емес. Оның үшін ниет ету өзі парыз. Парызды орнына келтірмегендіктен, құлшылық дұрыс бола алмаса керек. Рузаны ұстамасқа болады: ауру болып дертіне оразадан залал болардай болса, әйел жүкті болғанда һәм жас бала емізген уақытында балаларына зиян келердей болса, яки жолаушыларға» деп тайға таңба басқандай түсіндіреді.
Тіпті «егер бір адам рузаға ниет етіп, ұстап тұрып, біле, көре ұстаған күні ашып жіберсе, бір күніне де алпыс күн ораза ұстауға керек. Мұны каффарат деп атайды» деп каффараттың не екеніне түсініктеме береді.
Сол секілді ораза айында хисабқа толатын малы бар адамның пітір беру керектігін еске салады. «Пітірдің бұйрықты шамасы адам басына бес қадақ бидайдың өзі, не болмаса ұны, яки он қадақ арпа немесе қара ұн, я болмаса солардың бағасы берілсе де болар» дейді Ыбырай Алтынсарин. Бүгінде пітір садақаның құны, Алтынсарин айтқандай, екі келі ұнның бағасы бойынша шығарылып жүр.
Пікір қалдыру