ҚҰРБАН АЙТҚА ҚАТЫСТЫ ЖҰМЫСТАР ПЫСЫҚТАЛДЫ

Абай облыстық «Абай Құнанбайұлы» орталық мешітінде алда келе жатқан мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт мерекесіне орай бас имам Асқар Әбітайұлының төрағалығымен «Qurban 2023» дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында қала және аудан имамдарына арналған офлайн және онлайн форматта жиын өткізілді. 

Жиналыс барысында облыстың бас имамы Құрбан айт мейрамын жоғары деңгейде өткізу үшін дін қызметкерлеріне арнайы тапсырмалар бекітілді.

Құрбан малын сою үшін бекітілген арнайы мал соятын орындарды дайындап, ол жердің тазалығына мән беру, мал сою талаптарын сақтау, мал базарында құрбан шалдырушы кісілерге күту аймағын әзірлеу, ұйымдастыру тобы мен еріктілерге арнайы киім үлгісін дайындау, қасапшыларға арнайы семинарлар өткізу, қасапхана жанында жиналған еттер бұзылып кетпес үшін тоңазытқышы бар жүк көлігін дайындау, қасапхана іргесіне, көліктерге «Qurban 2023» баннері және қасапхананың ішіне құрбан шалу тәртібі жадымасын ілу, құрбандыққа шалынатын малдардың шариғат талап еткен жасына толуын қадағалау, мал сою орындарында ысырапшылдыққа барынша жол бермеу, қауіпсіздік қызметкерлерін бекіту, сойылған құрбандық еттерін пакеттеп, мұқтаждарға тарату үшін еріктілер тобын құру, мұқтаждар тізімін реттеу, ет таратуды жүйелу сынды бірқатар тапсырмалар берді.

Одан өзге Құрбан айт мерекесіне орай облыстық, қалалық және аудандық мешіттер жанына киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүрімізге сай түрлі шаралар, жамағаттың бірлігін арттыру ұлттық ойындар ұйымдастыру, қарттар үйі мен жетімдер үйіне еттер үлестіріліп, айт дастарханы жайылып, айт мерекесімен құттықтау, Құрбан айт мейрамын сезіндіріп және көңілді өткізу үшін түрлі ойындар, айттық базарлық дайындау туралы да айтылды

Еске сала кетейік, ҚМДБ биыл да ел мұсылмандарының жеңілдігі үшін онлайн форматта етке тапсырыс беріп, өтініш білдіру үшін арнайы qurban2023.kz сайтын іске қосқан болатын. Бұл сайт арқылы шамасы келген азаматтар құрбандық шалу өкілдігін мешіттегі дін қызметкерлеріне табыстап қой және ірі қара секілді малдарға тапсырыс бере алады. Сонымен қатар аталған сайт арқылы мұқтаж жандар ет алуға өтініштерін қалдыра алады

Семей қаласы бойынша құрбандық шалғысы келген азаматтар қалалық Сары базары мен дальный базары мал сою орны болып бекітілді.