Семей қаласындағы бір жарым ғасыр тарихы бар, көненің көзіндей сақталып келе жатқан, асыл текті бабалардың сәждеде маңдайының ізі қалған, бірде-бір шегесіз ағаштан салынған – Бір мұнаралы Ағаш мешіт.
Бұл тарихи құлшылық орны қылышынан қан тамған, дін апиын деген заманда кеңестік идеологияның үстем құрып тұрған шағында да есігі құлыпталмады. Алланың жердегі үйінде имандылық сәулесі сөнбеді. Бүгінде руханияттың шамын жаққан имандылық үйі Хақ пен халыққа қызмет етуде.
19-ғасырдың орта тұсында Семейде мешіт салуға мұндағы татарлар атына рұқсат бермей қырғыз (қазақ) атына сұраған. Ол кезде дін орталығы Уфа қаласында болған екен. Семейде Жалаңаяқ деген қазақ атына сұрап, сол кездегі үкімет рұқсат берген соң, Мешіт көпшілік халықтың қаржысымен салынған. Сөйтіп “Жалаңаяқ” мешіті атанған.
“Жалаңаяқ” мешіт аталған жерге бағана отырғызып, екі жағына тақтай шегелеп, мұнаралы, екі бөлмелі мешіт 1867 жылы салынған. Кейіннен бағанасы, тақтайы тозып 1907 жылы бұзылып, қайта салынып, 1910-шы жылы қазан айында құрбан айт намазы оқылыпты.
Мешіт бірде-бір шегесіз салынған. Құрылысқа қажетті ағашты алдымен ұзақ уақыт тұзға салып қойған. Бұл құрт жемеу үшін жасалған екен. Арнайы өңдеуден өткен ағашты Сібірден әкеліп, құлшылық үйін тұрғызған.
Құлшылық үйінде бір жарым ғасырдан астам уақыт аралығында белгілі дін қызметкерлері хақ пен халыққа қызмет етті.
Пікір қалдыру