Қасиетті Рамазан айына орай Абай облысы имамдарының кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы, қалалық және аудандық мешіт имамдары, сондай-ақ, ҚМДБ бөлімдері мен бағыттарының өңір бойынша жауапты мамандары қатысты.
Келелі жиын Алланың сөзі Құран Кәрім аяттарын оқумен басталды. Келесі кезекте Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы Рамазан айының құндылығына тоқталып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен имамдарды Рамазан айына арналған жұмыс жоспарымен таныстыра келе, қасиетті айда барынша ықыласпен бірлесе қызмет етуге шақырды.
Келесі кезекте «Құран секторы», «Шариғат және пәтуа», «Дін мен дәстүр», «Уағыз-насихат және ихсан», «Зекет және қайырымдылық», «Ақпарат» бөлімдерінің жауапты мамандары баяндама жасап, бекітілген бағыттар мен бөлімдер бойынша Рамазан айында атқарылуға тиіс іс-шаралардың тізбегін баяндады.
Биылғы Рамазан айында түрлі форматтағы уағыз-насихаттармен қатар, әртүрлі қайырымдылық шаралары, ауызашарлар, «Ел үлесі пәтерге», «Жетім көрсең жебей жүр», «Қарттарым асыл қазынам» жобалары, «Жарапазан» эстафетасы, «Қош келдің Рамазан» атты рухани кештер, «Менің алғашқы оразам» атты семинарлар, «Бір айда Құранға түс» жобасы, мешіттерде күнделікті бесін намазынан кейін Құранды бастан-аяқ хатым ету және т.б. түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады.
Сондай-ақ, қазағымыздың ұлттық мерекесі Әз-Наурыз да шариғат талаптары сақтала отырып, кең көлемде аталып өтіледі.
Осы және т.б. мәселелер талқыланған ауқымды жиынның соңында Асқар Әбітайұлы қала және аудан имамдарына нақты тапсырмаларды жүктеп, атқарылған іс-шаралардың есебін тапсыруға тиянаттылық танытуды сұрады.
Пікір қалдыру