Бородулиха ауданының бас имамы Әріпжан қажы Қожанұлы «Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебі» КММ-де «Жас өспірім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында өткен ата-аналар жиналысына қатысып «Адам өмірінің маңыздылығы» туралы баяндама жасап, оқушылар өмірінің қымбаттылығы жайлы, өмір сүруге талпыну туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Ислам діні адам өміріне айрықша мән берген. Қандай жағдай болмасын, бірінші кезекте адамның өмірін сақтап қалуды алғашқы орынға шығарады. Сол үшін де қасиетті Құран Кәрімде адам аштан өлейін деп жатқан жағдайда әшейінде харам болатын доңыз етін өлмес ауқат аларлықтай мөлшерде жеуге рұқсат екендігін айтады. Тағы бір аятта бір адамның өмірін құтқарған адам бүкіл адамның өмірін құтқарғандай, ал, бір адамды жазықсыз өлтірген адам бүкіл адамды өлтіргендей болатындығы баяндалады.
Жастарымыздың өмірге құлшынысы, білімге талпынысы, келешекте елінің игілігіне қызмет етуге талабы әрдайым жоғары болсын деп тілейміз.
Пікір қалдыру