ҚАЗАҚИ ТӘРБИЕ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Абай Құнанбайұлы орталық мешітінің наиб имамы, Абай облысы бойынша Дін мен дәстүр бағытының жауапты маманы Қуаныш Файзоллаұлы Абай облыстық әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен өткен бала тәрбиесіне қатысты семинарда Семей қаласының әйел-қыздар жамағатына «Қазақи тәрбие құндылықтары» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндама барысында бабаларымыздың сан ғасырдан бері жалғасып, уақыт сынынан өтіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген «Құрсақ шашу, Жерік асы, Қалжа, Шілдехана, Бесікке салу, Бауырынан табақ жүгірту, Тұсаукесер» секілді дәстрүрлері жайлы егжей-тегжейлі баяндап, аталмыш ғұрыптардың астарында жатқан рухани сырлар мен психологиялық мәніне тереңінен тоқталды. Баланың дербестігі мен өзіндік қалауын мойындап, оны жеке тұлға ретінде қабылдайтын, оған ерекше құрметпен қарап, бар мейірімі мен жылуын төгетін қазақи тәрбиенің артықшылықтары туралы сөз өрбітті.
Осылайша, төл тәрбиеміздің мәні мен мағынасын түсіндіріп, түпкі құндылығы ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерімізді сана биігінде қайта жаңғыртудың маңыздылығын баяндаған дін қызметкеріне семинар қатысушылары разылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.