“ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ” АТТЫ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

Абай Құнанбайұлы орталық мешітінің наиб имамы, Абай облысы бойынша Дін мен дәстүр бағытының жауапты маманы Қуаныш Файзоллаұлы Абай облыстық әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен өткен бала тәрбиесіне қатысты семинарда Семей қаласының әйел-қыздар жамағатына «Қазақи тәрбие құндылықтары» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында бабаларымыздың сан ғасырдан бері жалғасып, уақыт сынынан өтіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген «Құрсақ шашу, Жерік асы, Қалжа, Шілдехана, Бесікке салу, Бауырынан табақ жүгірту, Тұсаукесер» секілді дәстүрлері жайлы егжей-тегжейлі баяндап, аталмыш ғұрыптардың астарында жатқан рухани сырлар мен психологиялық мәніне тереңінен тоқталды.

Сонымен қатар жиынға балалар психологы Толқын Мәди пайғамбарлардың бала тәрбиесінде қолданған әдіс- тәсілдері жайлы айтты. Ата-аналардың қатысуымен ойын өткізді. Жиын соңында екі бүлдіршін ата-аналарға монолог оқыды. Онда балаға тек қана материалдық емес, моральдық қолдау керектігі айтылады. Яғни бала отбасында ата- ана махаббатын сезінуі тиіс.

“Пайғамбарлардың бала тәрбиесіндегі әдіс-тәсілдері” тақырыбында өткен семинар-тренингке облысымыздағы “Әжелер мектебінің” мүшелері қатысты. Әжелеріміз көп жылдық тәжірибелеріне сүйене отырып ата-аналарға ақыл-кеңестерін айтты. Өмірде болған жағдайлардан мысал келтіріп, сан жылдық тәжірибелерімен бөлісті. Шара соңында Абай облыстық әйел-қыздар секторының меңгерушісі Данагүл Төлегенқызы сөз сөйлеп, семинар-тренингті қорытындылады.

Бала тәрбиесі – адамзаттың  ортақ ісі. Дегенмен, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің!» деген қазақ халқының сөздерінде астарлы мағына жатыр. Егер ата-бабаның ізімен, ананың жылулығын һәм әке тәрбиесін көрген жас буын көп болса, еліміздің болашағы жарқын болары анық. Ал болашағымыз жарқын болсын десек, тәрбиемізді “тал бесіктен” түзейік.