РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Құрметті жамағат!

Баршаңызды  қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Ислам әлемі ерекше құрмет тұтатын Рамазан айы – айлардың сұлтаны деп аталады. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде: «Рамазан – ақ пен қараны айырушы әрі ақиқатқа жол көрсететін айқын белгілері бар, адамдар үшін тура жол нұсқаушы Құран түсірілген ай», – дейді.

Дәл осы мүбәрак айда адамзатқа ақиқат жолын көрсетуші Құран Кәрім түсе бастаған және осы айда мұсылмандарға ораза парыз етілді. Сонымен қатар, мың айдан да қайырлы Қадір түні де осы айда. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айының ерекшелігі туралы: «Егер пенделер Рамазан айының қасиетін білсе, жыл бойы Рамазан болуын қалар еді» дейді.

Рамазан – берекелі де кешірімі мол ай. Ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай.

Қасиетті айда жамағаттарымыз жақсылықта жарысып,  төңірегіне мейірімділіктің шуағын көбірек шашса, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе қайырымдылық шараларына белсене  араласып, мұқтаж жандарға көмек қолын ұсынудың  сауабы мол.

Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын ерекше айтқан екен.

Отанымыз – Қазақстан мемлекетінің мерейі үстем болып, Алла Тағала егеменді елімізге бейбіт өмір, ынтымақ-береке және мол ырыс нәсіп етсін! Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!

Алла Тағала індетті елімізден  алыстатып, халқымызға амандық, бақ-береке, мол ырыс  нәсіп етсін! Қасиетті айда жасаған ғибадаттарымыз бен амалдарымыз, дұға ниеттеріміз  қабыл болып, ел іргесі аман болсын!

 

Құрметпен, Асқар Мұқанов,

Абай облысы бойынша бас имамы