Мың айдан да қайырлы Қадір түнін мұсылман баласы асыға күтіп, ерекше етіп өткізуге тырысатындығы анық. Бұл түнде намаз оқу, Құран оқу, дұға тілеу, қайырымдылық жасау және т.б. сынды ізгі амалдарды молынан атқарып қалуға тырысады.
Еліміздің мұсылмандары Қадір түнін мешіттерде өткізуге әдетке айналдырғаны белгілі. Өз кезегінде мешіт қызметкерлері жамағаттың уақытын барынша тиімді пайдалануларына мүмкіндік туғызуды көздейді.
Осы орайда, Абай облыстық Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіт имамдары мен ұстаздары да мешіттің іші-сыртына тола жиналған жамағаттың Қадір түнінің берекесіне молынан кенелуі үшін Қадір түніне арналған бағдарлама бекітіп, сол бағдарлама негізінде бірқатар игі істер атқарды.
Ең алдымен, Құптан намазынан кейін Абай Құнанбайұлы мешітінің наиб имамы Қуаныш Файзоллаұлы жамағатқа Қадір түнінің маңыздылығы, Қадір түні орындалатын ізгі амалдар жайлы насихат айтты. Жамағат болып Құптан, Тарауых намаздарын оқып, еліміздің, жеріміздің амандығын сұрап, Аллаға жалбарынып дұға тіледі.
Кез келген ізгі істің сауабы мың ай атқарылғандай болатын ерекше түнде ізгі амалдардың әралуан түрін атқарған жөн екендігі белгілі. Ізгіліктің төресі – қайырымдылық екені тағы белгілі. Осы мақсатта Абай облыстық «Зекет және қайырымдылық» қорының жетекшісі Рашид Жамалбекұлы бүгін ғана қайтпас сапарға шығарып салған Әмина қажы Хакімқызы апамыздың биылғы жылы ұстай алмаған Оразасының 102 мың теңгелік фидия садақасын көпбалалы жалғызбасты анаға табыстап, жамағатты 5 баласын жеткізу жолында тынбай еңбек етіп жүрген қайсар анаға алдағы уақытта да көмек қолын созып, мүмкін болса «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында баспана алып беруге шақырды.
Қасиетті Қадір түніндегі қайырымдылық шарасы мұнымен шектеліп қалмай, ата-аналарына еріп мешітке келген жас балаларға Рамазан тәттілері таратылды.
Келесі кезекте Абай Құнанбайұлы мешітінің наиб имамы Түменбай Құттыбек жастарға Ілім алудың артықшылығы мен абзалдығы туралы насихат айтып, артынша мешітімізде Рамазан айында жүргізілген «Бір айда Құранға түс» курсында тәлім алып, Құран әліппесі мен тәжуид ережелерін үйренген 70-тен астам шәкіртте мешітіміздің қос ұстазы Ералы ұстаз бен Данияр ұстаз шәкірттеріне арнаулы сертификаттар табыстады.
Сондай-ақ, жамағаттың білімін арттыру мақсатында викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырылып, жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Жамағатқа еркін құлшылық жасауға мұрсат берілген соң, қасиетті Құран түскен Қадір түнінде халықтың Құранға ықыласын ояту үшін мешіт қызметкерлері бас болып, мешітімізде тәлім алып жүрген жамағат-шәкірттер қостап 1 сағатқа жуық уақыт ішінде Құран Кәрімді хатым етіп, хатым дұғасы жасалды. Оқылған Құран хатымның дұғасы хандарымыз, билеріміз, жырауларымыз, батырларымыз, Алаш ардақтылары, Желтоқсан боздақтары және барша дүние салған мұсылмандардың рухына арнайы бағышталды.
Қадір түнінің соңына қарай жамағат тәһәжуд намазын оқып, құлшылықпен басталған қасиетті түн құлшылықпен аяқталды. Қадір түнінің қасиетін барынша пайдаланып қалуға тырысқан жамағаттың қарасы таң намазында да азаймай, таң намазын жамағат болып оқыған соң барып, үйлеріне тарқасты.
Алла Тағала барша мұсылман жұртшылығының Қадір түнінде қылған құлшылықтарын, тілеген дұға-тілектерін, істеген ізгі амалдарын қабыл етсін деп тілейміз.
Пікір қалдыру