Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак Ислам университеті отандық Жоғарғы оқу орындары студенттерінің арасында ІІІ Республикалық Құран жарысын өткізген еді. Қасиетті Құран түскен берекелі Рамазан айында өткен бұл жарысқа биыл 13 университеттен студенттер қатысқан.
4 деңгейде, яғни, 1 пара, 3 пара,10 пара және толық Құран номинациясы бойынша жарысқа қатысқан 123 қариға Нұр-Мүбәрак угниверситетінің 20 оқытушы-профессоры төрелік жасады.
Осы дүбірлі додаға 1 пара аталымы бойынша қатысқан жерлесіміз, Семей қаласында музыкалық мектеп пен колледжді бітіріп, қазіргі таңда Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясында 1-курста оқып жатқан Фархат Батырұлы жүлделі 2-орынды иеленіп, 175 мың теңге қаржылай сыйлықты қанжығасына байлады.
Фархат Батырұлы Семей қалалық Қос Мұнаралы және Тас мешіттерінде діни білім алып, Құраннан сауатын ашқан шәкірт болған. Сондай-ақ, ол Рамазан айында Алматы қаласы, Бостандық аудандық Байкен мешіті ұйымдастырған Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқу байқауына да қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Өңіріміздің абыройын биіктетіп жүрген бауырымыздың іліміне береке, әрқашан жүзі жарық, жолы ашық болуын тілейміз.
Пікір қалдыру