ЗЕКЕТ ҚОРЫ 300 СТУДЕНТКЕ АУЫЗАШАР ДАСТАРҚАНЫН ЖАЙДЫ

Абай облыстық «Зекет және қайрымдылық» қорының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлы атындағы облыстық орталық мешітінің хатымханасында 300 адамға арналып ауызашар дастарқаны жайылды.

Ауызашар кешіне қаламыздағы түрлі оқу орнындарында оқып жатқан шетелдік студенттер, ауылдық жерлерден келген және т.б. студент жастар,  мешіт жамағаттары, мүгедектігі бар жандар, мұқтаж отбасылар арнайы шақырылды.

Рухани дастарқан басында Абай Құнанбайұлы мешітінің наиб имамы Қуаныш Файзоллаұлы жамағатқа «Әділдік» ұғымы турасында насихат айтты.

Келесі кезекте Абай облыстық Зекет және қайырымдылық қорының жетекшісі Рашид Жамалбекұлының ұйымдастыруымен баласының еміне қаражатқа мұқтаж болған бір отбасыға «Үміт сыйла сәбиге» акциясы аясында 1 000 000 (бір миллион) теңге қаржы табысталды.

Сондай-ақ, әртүрлі мүгедектігі бар 4 кісіге әрбіріне 50 мың теңгеден барлығы 200 мың теңге қардылай көмек берілді.

Жиын соңында асқа бата беріліп, Құран оқылып, марқұмдарымызға сауабы бағышталды.

Игі шараға демеушілік жасаған жаны жайсаң азаматтарымызға алғысымыз шексіз. Рамазан айы қайырымдылық айы болғандықтан, бұл айда Зекет қоры көптеген игі ізгі істерге мұрындық болып келеді. Осы жолда қолдау көрсетіп келе жатқан барша жандарға Алла разы болсын!