АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРАН САЙЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫНА УМРА ТАБЫСТАЛДЫ

Алланың сөзі Құранды жаттау, Құранға амал ету, өз өмірінде Құранның құндылықтарын басшылыққа алудың мұсылман адамның өміріндегі орны ерекше екені сөзсіз. Мұндай биік мәртебе кішкене қадамдардан басталары да белгілі. Бұл жолда халқымыздың рухани ордасы мешіттеріміздің атқарар қызметі де жоғары. Елді ізгілікке бастау, жастарымыздың жүрегіне Құран нұрын сіңіріп, адамгершілік дәнін егу ізгі мақсаттарымыздың бірі.

Осы мақсатта Абай облыстық Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешітте Абай облысы бойынша мешіт жанындағы діни сауат ашу курстарында тәлім алып жүрген жамағат арасында Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқу бойынша ілім сайысы болып өтті.

Сайыстың шымылдығын ашқан Абай Құнанбайұлы мешітінің наиб имамы, әрі, Діни білім беру және кадр даярлау бөлімінің жауапты маманы Ерлан Досымұлы Құранның қадір-қасиеті, адамзат баласын ізгілікке бағыттаудағы маңыздылығы, Құран жаттаудың, Құранға амал етудің сауаптылығы туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, жылда дәстүрге айналған облыстық Құран жарысының биылғы ерекшелігі Бас жүлде алған қатысушыға барша мұсылман қауымының жүрегінің төрінен орын алатын қасиетті мекен Мекке-Мәдинаға сапар, яғни, Умра қажылығы табысталатынын айтып қатысушылардың жүрегін толқытып өтті.

Сайысқа өңірімізге белгілі қарилар Абай Құнанбайұлы мешітінің ұстазы Ералы қари және Хакім Хазрет мешіт-медресесінің ұстазы Байбатыр қари төрелік етті.

Жарыс қорытындысы бойынша Бас жүлде–Умра қажылығын Көкпекті ауданының шәкірті – Кенжебекұлы Әділбек иеленді.

Келесі жүлделерді:

1-орын (75 мың теңге) – Нұрсұлтан Қажымұқанұлы (Даланбай ата мешіті)

2-орын – Архат Мейрамбекұлы (Тыныбай мешіті)

3-орын – Ержан Абзалұлы (Абай Құнанбайұлы мешіті) есімді азаматтар иеленді.

Бұл игі дәстүр жыл сайын жалғасын таба бермек. Алдағы жылдарда да жүзден жүйрік шығып, қасиетті Құранды жатқа, әрі, мәнеріне келтіріп оқыған үздік шәкірттерімізге Умра сапарын сыйға беру жоспарда бар. Алла соған жеткізсін. Жарысқа демеушілік жасаған азаматтарымызға алғысымыз шексіз. Халықтың рухани сауатын ашып, жастарымызды Құран нәрімен сусындандырып жүрген имам-ұстаздарымыздың қызметтері сауапты болғай.