БАС ИМАМ ЖАҢА МЕШІТ ҚҰРЫЛЫСЫНА БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗДІ

Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы Семей қаласында бой көтеріп жатқан жаңа мешіттің құрылысына тексеріс жасап, бақылау жүргізді.

Ел аузында “Каз-край” деген атпен танылған Ертіс өзенінің оң жақ жағалауындағы шағын ауданда орналасқан бұл мешіт Абай облысы имамдары мен белсенді жамағаттарының, дін жанашырларының “Бір жылда бір мешіт” атты жобасы аясында салынып жатқан кезекті құлшылық үйінің бірі. Мешіттің сыртқы құрылысы толықтай дерлік аяқталып, ішкі жұмыстары да аяқталуға аз қалды. Дегенмен, әлі де біраз қаражат талап ететін тұстары да жоқ емес.

Асқар Әбітайұлы мешіт құрылысына Абай облысы өкілдігі тарапынан жасалып келе жатқан жан-жақты қолдау әлі де жалғасатынын айтып, Алланың қалауымен мешіт халық игілігіне табысталғанға дейін жанашыр жамағаттармен бірге екендігін жеткізді.