ТӘКАППАРЛЫҚ

Тәкаппарлық дегеніміз – адамның өзін жоғары санап, өзгелерді өзінен төмен көруі. Бұл қылықты жаратылыс атаулыда ең алғаш болып көрсеткен – Ібіліс шайтан болатын. Алла Тағала Құранның бірнеше аяттарында[1] ең алғашқы адамның жаратылуы жайлы, періштелерге Адам атамызға құрмет ретінде сәжде жасауды бұйырғанда бәрі бірдей бойұсынып, тек түп тегі жыннан болған Ібіліс қана бұл бұйрыққа бағынудан бас тартқаны туралы баяндайды. Сонда Алла Тағала мен Ібілістің арасында мынадай диалог өрбиді:

«Алла Тағала (Ібіліске): «Саған («Адамға сәжде ет» деп) бұйырғанымда, сәжде жасауыңа не кедергі болды?» – деді. Сонда Ібіліс «Мен одан әлдеқайда артықпын. Өйткені, Сен мені оттан жараттың, ал, оны балшықтан жараттың», – деп тәкаппарланды»[2].

Ендеше, тәкаппарлықтың ең үлкені – ақиқатты қабылдаудан бас тартып, Аллаға қарсы кеудесін көтеру және Оған бойұсынып, құлдық ұруды өзіне ар санау деп айтсақ болады.

Бірде Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Жүрегінде шаңның тозаңындай тәкаппарлық болған адам жұмаққа кіре алмайды», – дейді. Сонда сахабалар ардақты Пайғамбарымыздан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Уа, Алланың елшісі! Адам өзінің киімінің көркем, аяқ киімінің әдемі болғанын қалайды ғой. (Бұл да тәкаппарлыққа жата ма?)» – деп сұрайды. Сол кезде Пайғамбарымыз «Алла Тағала – көркем. Көркемдікті жақсы көреді. Тәкаппарлық дегеніміз – мойындамау, адамдарды көзге ілмеу», – деп жауап береді[3].

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде «Алла Тағала қиямет күні үш түрлі адаммен сөйлеспейді. Оларды тазартпайды да, оларға қарамайды да. Оларға ауыр азап бар. Олар – зинақор қарт, өтірікші патша және тәкаппар кедей», – деген екен[4].

Олай болса, тәкаппарлық – адамның ақыретін құрдымға кетіріп, жұмақтан мақұрым етіп, тозаққа жетелейтін рухани дерт екен. Адамды мұндай кеселге душар ететін себептер бірнешеу. Бір адамды байлығы, енді біреуді сұлулығы, тағы біреуді мықты денсаулығы мен жалындаған жастығы, келесі бір адамды, тіпті, білімі де тәкаппарлық науқасына шалдықтыруы әбден мүмкін. Біз тарихтан мұның бірнеше үлгілерін білеміз.

Алла Тағала қасиетті кітабы Құран Кәрімде бұған бірнеше мысалдар келтіріп, мұсылман қауымын алдын-ала сақтандырған. Айталық Мұса пайғамбардың (Оған Алланың сәлемі болсын) заманында байлығымен дүйім жұртқа танылған Қарун деген бай болған. Ол туралы Қасас сүресінің 76-82 аяттарында былай баяндалады:

«(Тура жолдан тайған) Қарун Мұсаның қауымынан еді. Алайда ол (Перғауынға жақтасып) өз қауымына озбырлық көрсетті. Біз оған кілттерінің өзін күші бойына сыймайтын бір топ адам әзер таситын байлыққа толы қазыналар нәсіп еттік. Қауымы оған: «Байлығыңның буына мастанып есірме, Шүбәсіз, Алла есіргендерді ұнатпайды!» – деп ескерткен еді. Әрі оған: «Алланың өзіңе нәсіп еткен осынау байлықпен ақиреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс. Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алланың өзіңе шексіз шарапатын тигізіп, жақсылық жасағанындай, сен де өзгелерге жақсылық жаса. Бұл жерде лаң салып, бүліншілік жасауды көксеме! Шүбәсіз, Алла бұзақыларды әсте жақсы көрмейді», – деп насихат айтқан еді. Қарун оларға: «Бұл байлық маған бойымдағы ілімнің арқасында ғана берілді», – деп асылық қылды. Сонда ол Алланың өзінен бұрын өткен нәсілдердің ішіндегі өзінен анағұрлым күшті һәм әлдеқайда дәулетті болғандардың көзін жойғанын білмейтін бе еді?! Күнәға белшесінен батқан күнәһарлар (көздері жойыларда) күнәлары үшін жауапқа тартылып жатпастан (бірден арты мәңгілік азапқа ұласатын жойқын азапқа душар болады). «(Бір күні) Қарун қауымының алдына үлде мен бүлдеге оранып, сән-салтанатын асырып шыққан еді. Сонда дүниенің қызылды-жасылды қу тіршілігін жан-тәнімен қалайтындар: «Шіркін, Қарунға берілген байлық бізге де бітсе ғой! Ол неткен бақ-дәулеті асқан жан еді!» – десті. Алайда өздеріне ақиқат ілім беріліп, көкіректері нұрға толған ізгі жандар: «Ой, бар болғырлар! (Біле білсеңдер), Алланың иман келтіріп, игі істер істегендерге берер сауабы (Қарунның дәулетінен) әлдеқайда қайырлы. Бірақ оған (бәле-жалаға, нәпсі мен шайтанның азғыруына қарсы һәм Хақ тағалаға құлшылық етуде) табандылық таныта білген сабырлы жандардан өзге ешкім қол жеткізе алмайды», – деп әлгілерді жазғырды. Ақыры оның өзін де, салтанатты сарайын да жерге жұтқызып жібердік. Сонда Алланың осынау пәрменіне қарсы, оған қолұшын беретін бірде бір топ болмады. Сондай-ақ ол (сонша байлығы һәм соншама нөкерімен) өз қара басын да қорғай алмады. Сөйтіп, кеше ғана соның орнында болуды көксегендер тәубелеріне келіп: «Ойбай-ау, демек, Алла ризық-несібе дегенді құлдарының арасынан қалағанына үйіп-төгіп береді екен де қалағанына аз әрі белгілі бір мөлшерде береді екен-ау. Егер Алла бізді есіркемегенде, бізді де жерге жұтқызып жіберер еді. Демек, кәпірлер, шынымен, оңбайды (жазадан құтылмайды) екен!» – десті».

Бұл аяттардан байлыққа мастанудың артының қандай болатынын және байлығына мақтанып тәкаппарланудың дұрыс болмайтындығын түсінеміз. Себебі, бізден де бай, бізден де қуатты небір қауымдар өткен. Бірақ, ешбірінің байлығы оларды мына дүниеде мәңгі жасата алмады және ешқайсысы да өздерімен бірге байлықтарын о дүниеге әкете алмады. Ендеше, адам байлықтың уақытша сынақ екендігін, бұл дүние-мүлкіне өзінің уақытша ғана ие екендігін терең ұғынып, қарапайымдылықтан ауытқымауы керек.

Сол секілді, кей кезде білім де тәкаппарлыққа ұрындыруы мүмкін. Оған мысал ретінде жоғарыдағы шайтанды келтіруімізге болады. Негізі ол өте терең білімге ие болған деседі. Сол себепті, Алла Тағаламен тайталасып, өзінің білімін Алланың білімінен артық көрді. Соның нәтижесінде, аятта айтылғандай отты топырақтан жоғары санады. Ал, негізінде от ешқашан топырақтан артық бола алмайды. Себебі, топырақ – тіршіліктің көзі, ал, от, керісінше, тіршілікті жоюшы қасиетке ие. Бірақ, от топырақты өртеп жібере алмайды. Ал, топырақ қанша қарапайым болса да, жалындаған отты сөндіруге қауқарлы.

Сол себепті, адам білімі артқан сайын өзін қарапайым ұстап, әлі білмейтін нәрсесінің көп екендігін мойындап, жемісі молайған ағаш секілді иіле түсуі қажет. Сонда ғана алған білімі бойына жұғып, Алланың алдындағы дәрежесі одан сайын арта түсері сөзсіз.

Сондай-ақ, адам өзінің жалындаған жастық шағы мен асып-тасқан күш-қуатының да бір күні таусылатындығын жадынан еш шығармауы қажет. Көз алдымызда белі бүкірейіп, таяққа сүйеніп жүрген қариялар да бір кездері күші бойына сыймайтындай жас болған еді. Бірақ, уақыт өз дегенін жасайды. Сол үшін жастарымыз үлкенге құрмет таныта білсе, атасына қылған жақсылығы алдынан шығары сөзсіз.

Тәкаппарлыққа себеп болар дүниелердің бірі – биік мансап екені белгілі. Бірақ, мансаптың да ғұмыры қысқа. Ешқашан ешкімге бас имей, мың жыл ел билеп өткен Перғауын да соңында өзінің дәрменсіз бір пенде екендігін мойындап, маңдайын сәждеге қойған күйі бір Құдайды мойындаған күйде қақ жарылған теңіздің ортасында жан тапсырған болатын. Бірақ, бұл кезде өте кеш болды. Ол туралы да Алла Тағала қасиетті Құранда баяндап өткен:

«Сөйтіп, Исрайыл ұрпақтарын теңіздің арғы бетіне өткіздік, сол кезде Перғауын мен әскерлері қаны қарайып, олардың соңына түсті. (Исрайыл ұрпақтары түгелдей теңіздің арғы бетіне өтіп болғаннан кейін, оларға жол ашып қақ айырылған) теңіз суы қайта қосылып, Перғауынды жұта бергенде, ол: «Исрайыл ұрпақтарының иман келтіргенінен басқа құдай жоқ екеніне иландым. Мен енді Оған жан-тәнімен бағынған мұсылмандардың бірімін», – деді. Енді ғана ма?! Расында, сен бұдан бұрын үнемі Аллаға қарсы келіп асы болдың һәм лаң салушы бұзғыншылардың бірі һәм бірегейі болдың. Біз бүгін (соңғы сәтте болса да иланғаның үшін һәм) өзіңнен кейінгілерге өнеге әрі дәлел болсын деп, тәніңді (теңіздің түбінде шірітпей) аман алып шығамыз. Шынында, адамдардың көбі Біздің аяттарымыздан (ғибратқа толы дәлелдерімізден) ғапыл, бейхабар» (Иунус сүресі, 90-92 аяттар).

Міне, қасиетті Құран мен Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге тәкаппарлықтың сан алуан түрі мен оған себеп болатын дүниелер және мұның сол адамның өзі мен айналасының қаншалықты ауыр екендігін және соңы неге апарып соқтыратындығын осылайша баяндайды. Ендеше, осындай рухани кеселді дер кезінде танып-біліп, бойымызда бар болса дереу арылып, жоқ болса барынша одан аулақ жүруге тырыссақ, екі дүниелік бақытқа жетуімізге жол ашылады.

[1] Бақара сүресі, 30-34 аяттар; Ағраф сүресі, 11-12 аяттар; Сад сүресі, 71-76 аяттар.

[2] Ағраф сүресі, 12 аят.

[3] Сахих Муслим, №91.

[4] Сахих Муслим, №107.