АБАЙ ОБЛЫСЫ: БАС ИМАМНЫҢ ҚҰРБАН АЙТПЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрбан айт мерекесі Ислам әлемі үшін тұғырлы да ерекше мүбәрак мейрам. Құрбандық шалу сонау Адам атадан (ғ.с.) бастау алып, Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) жолы болып қалыптасқан және Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.) жалғасын тапқан ұлы ғибадат.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал», – деп бұйырған. Құрбан шалу – Ханафи мазһабы бойынша уәжіп. “Құрбан” сөзі “жақын болу”, “жақындау” деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Қасиетті Құранда Алла Тағала: “Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің).” (“Хаж” сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.

Құрбан шалған мұсылман ақыретте жүзі жарық болып, мол сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалу) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», – деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде Алла Тағала ризалығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін былай деп баяндайды: «Сахабалар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) – Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.
Пайғамбарымыз: Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті – деді. – Одан бізге қандай сауап бар? –Әрбір тал қылшығы үшін сауап бар. – Қойдың жүнінен ше? –Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады».

Демек, Құрбан айт күні мұсылман адамның істейтін ең сауапты амалдары – Айт намазын оқу және Құрбандық шалу екен. Сондай-ақ, ағайын-туыстарымызды айтпен құттықтап, бала-шағамызға бұл күннің қадірін түсіндіру мақсатында сыйлықтар беріп, қуанышты көңіл-күй сыйлау да маңызды.

Құрметті, жамағат! Баршаңызды күллі мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт мейрамының адамдар арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы маңызы айрықша.

Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз, мереке құрметіне жайылған ақ дастархандарыңыз, шалған құрбандықтарыңыз және оқыған намаздарыңыз бен тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Береке-бірліктің ұйтқысына айналған сүйікті Отанымыз Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы артып, Жаратушы Иеміз халқымызға бейбітшілік, жерімізге құт-береке нәсіп етсін!

Әр отбасына амандық, бақ- береке, шаттық, ынтымақ және толағай табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!