Аман-есен биылғы оқу жылы да аяқталып, оқушыларымыз жазғы демалысқа шықты. Әр ата-ана балаларының жазғы демалысты тиімді етіп өткізгенін қалайтыны белгілі. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен Абай облысы өкілдігі “Имани жаз – 2024” атты балаларға арналған жазғы діни сауат ашу курсын ұйымдастырып отыр.
Имани жаз курсы Абай Құнанбайұлы атындағы облыстық орталық мешітпен қатар қаламыздағы барлық мешіттерде, сондай-ақ, аудандық, ауылдық мешіттерде де өткізіліп жатыр. Бұл курста балаларға Құран әліппесі және ҚМДБ тарапынан әзірленген Имандылық әліппесі кітапшалары арқылы білім берілетін болады. Балаларға мешіт ұстаздары мен мешітте іс-тәжірибеден өтіп жатқан Нұр-Мүбәрак Ислам университеті мен медресе-колледждердің студенттері имандылық дәрістерін үйретеді.
Сондай-ақ, балалардың көңілдерін көтеру мақсатында күнделікті тәтті сусындар мен жеміс-жидектер таратылып, түрлі қызықты ойындар да ұйымдастырылады. Мұндағы мақсат жас балалардың жүрегінде рухани орда мешіттерге деген махаббат пен жылы естеліктердің қалуын қамтамасыз ету. Иманды жастарымыз көбейіп, еліміздің келешегі жарқын болғай деп тілейміз.
Пікір қалдыру