Мұсылман баласы үшін «әулие» бейтаныс сөз емес. Әулие сөзі араб тіліндегі «уәли» сөзінің көпше түрі. Бұл сөз жақын, дос деген мағынаны білдіреді. Дінімізде күнә істеуден бойын алыс ұстайтын, Аллаға берік мойынсұнып, Оны шынайы жақсы көретін, парыз құлшылығына аса мұқият танытып, қандай да бір қате-күнә жасап қойған болса, тез арада тәубе етіп, жасаған қателігіне қатты өкінетін, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеттерін барынша мұқияттылықпен орындайтын, иманына берік кісіні «Уәлиюлла» яғни «Алланың досы» деп атайды. Алла Тағала қасиетті Құранда:
أَلَا إِنَّ أَوْلِيَاءَ اللَّهِ لَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ. الَّذِينَ آمَنُوا وَكَانُوا يَتَّقُونَ. لَهُمُ الْبُشْرَى فِي الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَفِي الْآخِرَةِ لَا تَبْدِيلَ لِكَلِمَاتِ اللَّهِ ذَلِكَ هُوَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ
«Біліп қойыңдар! Расында Алланың әулие құлдарына ешқандай қауіп-қатер жоқ әрі олар әсте қайғырмайды. Сондай иман келтіргендер олар тақуа болғандар. Оларға дүние тіршілігінде де, ақыретте де (сүйінші) қуаныш бар. Алланың сөздерінде өзгеріс болмайды. Міне, ең ірі жетістік, ең зор табыс – осы», – деп айтқан («Юнус» сүресі, 62-64-аят).
Алла Тағала жақсы көрген әулие кісілерді адамдармен қатар періштелер де және барлық жаратылыс жақсы көреді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер Алла бір құлын жақсы көрсе, Жәбірейіл періштеге былай дейді: «Расында, Алла пәлен деген құлды жақсы көрді. Сен де оны жақсы көр». Сонда ол құлды Жәбірейіл періште де жақсы көреді де, сосын аспан әһліне (періштелерге) былай деп жар салады: «Алла пәлен құлды жақсы көрді. Сендер де сол адамды жақсы көріңдер». Сөйтіп аспан әһлі сол пендені жақсы көреді. Содан кейін жер бетінде оған деген сүйіспеншілік жүректерде орнығатын болады» (имам Бұхари, Мүслим).
Ислам тарихында есімдері ел арасында әулиелігімен танымал болған тұлғалар көп. Сол әулиелердің бірнешеуін атап өтетін болсақ: Хасан Басри, Баязид Бистами, Малик ибн Динар, Жунәйд Бағдади, Абдулқадир Жәйлани, Ахмед әр-Рифаи, Имам Раббани, Абдулхалқ Гуждууани, Қожа Ахмед Ясауи, Мәулана Желаледдин Руми, Бахауддин Нақшибанди және т.б.
Қазақ даласында дінді тарату жолына күш салып, бұқараны имандылыққа үндеген Бекет ата, Науан хазірет, Марал ишан, Қалжан ахун, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім сынды тұлғалар да әулиелік жолды жалғастырушылар болып табылады. Халқымыз мұндай әулие деп пір тұтқан тұлғаларды құрмет тұтып, батасын алып, қайтыс болса, қабірін зиярат еткен. Базар жырау:
Мына бір шолақ дүниеден,
Әулие өлмес» дер едім.
Отқа салса, күймеген,
Арамды көңілі сүймеген.
Дін мұсылман баласын,
Кереметпен билеген.
Саһар тұрып жылаған,
Хақтан медет сұраған.
Ол ерлердің тағаты,
Құдайына ұнаған, – деген.
Бүгінгі уағызымызда Алла Тағаланың сүйікті құлдары болған әулиелердің сипаттары жайында біршама баяндайтын боламыз:
Уәли адам әрдайым Жаратушысымен байланысын үзбейді, ғибадат-құлшылықта дінімізде парыз етілген амалдардан бөлек, нәпіл ғибадаттардың да сауабын ескеріп, ерекше мән береді. Нәпіл амалдар дегеніміз – шариғат тарапынан міндеттелмеген, бірақ Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) парыздан бөлек өз еркімен қосымша істеген құлшылықтары.
Нәпіл ғибадаттар пендені Жаратушысына жақындатып, Оның сүйіспеншілігіне бөленуіне себепші болады. Алла Тағала Құдси хадисте:
وَمَا تَقَرَّبَ إِلِيَّ عَبْدِيْ بِشَيءٍ أَحَبَّ إِلِيَّ مِمَّا افْتَرَضْتُهُ عَلَيْهِ. ولايَزَالُ عَبْدِيْ يَتَقَرَّبُ إِلَيَّ بِالنَّوَافِلِ حَتَّى أُحِبَّهُ
«Пендем Маған жақын болу үшін не істесе де, олардың Маған ең сүйкімдісі – оған парыз еткен амалдарым. Сонымен қатар пендем Маған нәпіл құлшылықтармен жақындайды да, Мен оны жақсы көретін боламын», – деп айтқан (имам Бұхари).
Хадисте түсінгеніміздей нәпіл құлшылықтарға «міндет етілмеген, жай ғана нәпіл іс қой» деп қарауға болмайды. Немесе нәпіл амалдарды әулие адамдар ғана орындауы керек деген түсінік қалыптаспауы қажет. Адам нәпіл амалдарды үздіксіз орындау арқылы Жаратушының сүйіспеншілігіне кенеледі әрі парыз етілген амалдардан кеткен кемшіліктердің орнын толтырады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде былай деген: «Расында, адам баласы ақыретте амалдарының ішінде ең бірінші намазы үшін сұралатын болады. Егер ол дұрыс болса, ол пенде құтылып, табысқа кенеледі. Ал егер намаздары дұрыс болмаса, онда ол өкініп қасіретке тап болады. Егер оның парыздарының кемшіліктері болса, Ұлы Алла Тағала: «Менің құлымның парыз амалдарынан кеткен кемшіліктерін толтыратын нәпіл амалдары бар ма екенін қараңдар», – деп бұйрық береді. Кейін оның барлық амалдары осылайша есепке тартылатын болады» (имам Термизи).
Әулие кісілер Алланың өздеріне берген кеңшілігі мен тақуалығы арқасында карамат көрсетеді. Карамат дегеніміз – Алла мен Оның пайғамбарына күмәнсіз сеніп, шынайы құлшылық еткен әулиелердің табиғат заңдылықтарына қайшы көрсеткен іс-әрекеті. Негізінде бір әулиенің караматы өзінің сенген пайғамбарының мұғжизасынан туындайды. Мұғжиза да, карамат та төтенше болатын жағдай. Мұғжиза пайғамбарда, карамат сол пайғамбардың жолын берік ұстанушы әулие кісіде болады. Бұл жайында Имам Ағзам Әбу Ханифа «Әл-Фиқһу әл әкбар» атты еңбегінде: «Әулиелердің көрсеткен караматы – хақ», – деген. Олай болса, карамат мәселесінде күмәнданудың қажеті жоқ. Өкінішке орай кейбір мұсылмандар әулиелердің караматына сенбей, керісінше олардың жолын терістеп, тіпті серік келтіруге балап жатады.
Алла достарының караматы Құран, сүннет және ижма (ғалымдардың бір ауыздан келіскен мәселесі) бойынша қабыл етілген. Мысалы, Зәкәрия пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Мариям (анамыз) үшін ғибадатхананың жанынан арнайы бір бөлме жасап берген болатын. Мариям анаға қажетті заттарын өзі алып барып беретін. Зәкәрия пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) уақыт өте келе, Мариямның караматын көре бастайды. Себебі Мариямның бөлмесіне өзінен басқа ешкім кірмейтіндіктен, оның алдында тұрған жеміс-жидектерді көріп, еріксіз сұрауға мәжбүр болады. Аятта бұл жайында былай деген:
فَتَقَبَّلَهَا رَبُّهَا بِقَبُولٍ حَسَنٍ وَأَنبَتَهَا نَبَاتًا حَسَنًا وَكَفَّلَهَا زَكَرِيَّا كُلَّمَا دَخَلَ عَلَيْهَا زَكَرِيَّا الْمِحْرَابَ وَجَدَ عِندَهَا رِزْقًا قَالَ يَا مَرْيَمُ أَنَّى لَكِ هَذَا قَالَتْ هُوَ مِنْ عِندِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَرْزُقُ مَن يَشَاء بِغَيْرِ حِسَابٍ
«Раббысы оны жақсы қабылдап, көркем өсірумен (тәрбиемен) өсірді. Оны Зәкәрияның қамқорлығына берді. Зәкәрия оның бөлмесіне әр кірген кезде, оның қасында тағамды көріп: «Уа, Мариям! Мыналар саған қайдан келді?» – деді. Мариям: «Алладан келді. Шүбәсіз, Алла қалаған құлын есепсіз ризықтандырады», – деді» («Әли Имран» сүресі, 37-аят).
Мариям ананың алдында жаз кезінде қыстың жемісі (азығы), қыс кезінде жаздың жемісі (азығы) болатын. Мариям ана пайғамбар емес, тек Исаның (оған Алланың сәлемі болсын) анасы екені анық. Демек, пайғамбар болмаса, онда оның алдында тұрған азық пен жемістер оның көрсеткен караматы деген сөз.
«Кәһф» сүресінде баян етілген «Асхабы кәһфтың» үш жүз жылдан аса үңгірде ұйықтап, қайта оянуын да мұғжиза дей алмаймыз. Себебі ол үңгірді паналаған иман жүзді жігіттер пайғамбар емес болатын. Олай болса, олардың үш жүз жылдан аса ұйықтауы сол жігіттер үшін карамат болып есептеледі.
Сүннеттен дәлел келтірер болсақ, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде бұрынғы өткен үмметтерден үш жолаушының жаңбырдан ықтанып, әрі түнеп шығу үшін бір үңгірге кіріп паналағанын, сол кезде құлаған үлкен бір тас үңгірдің аузына кептеліп, әлгі үш кісінің шыға алмай, Аллаға дұға еткені жайлы айтылады. Олар үңгір аузына кептелген тасты жылжыту үшін Аллаға дұға етіп, жәрдем сұрайды. Алла разылығы үшін жасаған амалдарын дұғаларында дәнекер етіп тілейді. Алла олардың жасаған дұғаларымен мінәжатын қабыл етіп, үңгірдің аузындағы кептелген тасты жылжытады. Олар үңгірден аман есен шығады. Міне олар дұғалары арқылы үңгір аузына кептелген үлкен тасты жылжытумен карамат көрсетеді.
Бірақ, кей адамдардың табиғат заңдылықтарына қайшы келген іс-әрекеттері, көрсеткен сиқырлары діни караматқа жатпайды. Себебі таңғажайып құбылысты көрсеткен адамның ұстанымы ислам ақидасына үйлеспесе, жасаған іс-амалдары Алланың бұйырған әмірлеріне сәйкес келмесе, харам-халалды, сауап-күнәны ажыратпаса, ондай адамның көрсеткен ісін «истидраж» дейміз. Карамат әулиеде болса, истидраж күнәхар пендеде болады. Әйгілі сопы Баязид Бистами (Алла оны рақымына алсын): «Бір адамның ауада малдас құрып отырғандай карамат көрсеткенін көрсеңіз, ол адамның Алланың әмірлерін, тыйымдарын, бұйырған жолдарын ұстануда шариғатқа сай амал етіп-етпегенін білмейінше, ондайларға сенбеңдер, алданып қалмаңдар», – деген.
Әулие жандар ақыретке еш күмәнсіз иман келтіріп, бұл өмірде өзінің қонақ екенін түсініп, өткінші өмірді барынша ізгілік амалдармен өткізуге тырысады. Қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 4-аятында Алла Тағала:
وَالَّذ۪ينَ يُؤْمِنُونَ بِمَٓا اُنْزِلَ اِلَيْكَ وَمَٓا اُنْزِلَ مِنْ قَبْلِكَۚ وَبِالْاٰخِرَةِ هُمْ يُوقِنُونَۜ اُو۬لٰئِكَ عَلٰى هُدًى مِنْ رَبِّهِمْ وَاُو۬لٰئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ
«Олар саған түсірілгенге әрі сенен бұрынғы түсірілгендерге сенеді және ақырет күніне толық иман келтіреді. Міне, солар Раббылары тарапынан тура жолда болғандар және солар құтылушылар», – деп айтқан.
Діні мен дәстүрін үйлестіре білген ата-бабаларымыз бұл турасында: «Әлекпеден қорыққан сиыр жимас, ақыреттен қорыққан күнә қылмас», – деген. Мәшһүр Жүсіп бабамыз:
Ойласаң, ақыреттің барын қиын,
Тірлікте ғибадат қып, хаққа сиын!
Бұл күнде жамандықтан тыйылыңыз,
Алланың көрем десең жұмақ үйін, – деп өсиет қалдырған.
Бабамыз бұл өлеңінде акыреттің бар екенін, бұл өмірде ғибадат-құлшылық жасап, жамандық атаулыдан тыйылған жанның ақыретте Алла Тағаланың ризалығына кенелетінін баян еткен.
Халқымызда бұл дүниені айтқан кезде «пәни дүние» деп атайды. «Пәни» сөзі өткінші деген мағынаны білдіреді. Ал ақыретті айтқанда «бақи» дейді. «Бақи» – әрдайым болушы, жалғасушы деген мағыналарды қамтиды. Дүниеден өткен адамды «бақилық болды» деп айтатындығы осыдан.
Осы сияқты дүниеден озған адамды халқымыз «қайтты» немесе «қайтыс болды» деп атауы да тегін емес. Бұл сөз ата-бабаларымыздың ақыретке деген иманын нақты айқындап тұр. Себебі адам тән мен жаннан тұратын болса, ана құрсағындағы жатқан балаға Алла Тағала періште жібертіп, жан үрлетеді. Сол жанның дүние тіршілігі таусылып, уақыт-мерзімі жеткенде қайтадан Жаратушысына қайтуын – халқымыз «қайтты» деп атайды. Әрі бұл атауды тек адам баласына ғана қолданады. Хакім Абайдың:
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап– күлмес.
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын,
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес, – деп айтуы осыдан.
Ертеректе бір жолаушы ұзақ жүріп, кеш бата бір ауылға жақындайды. Ауылдың шетіне кіре берісте, ымырт жабылады. Қараса бір адам үйіне келе жатыр екен, соған қарап: «Ассалаума алейкум», – деп сәлем береді. Ол: «Уағалейкум салам», – деп жауап қайтарады. Мұсылман екен ғой деп қуанып, жолаушы екенін айтып еді, үйіне шақырады. Тамағын жеп, шайын ішіп, ішке ел қонған соң, жан-жағына қарайды. Үй ішінде кітап пен қағаздан басқа ештеңе жоқ екен. Содан үй иесінен: «Сіз кім боласыз?» – деп сұрайды. Ол кісі атын айтады. «Сіз ана атақты ғалымсыз ба?» – деп таң қалады. «Иә», дейді. «Сіздің атағыңыз жер жарады, мен сізді бір зәулім сарайда тұратын шығар десем, сіз қарапайым үйде тұрады екенсіз. Сіздің үйде кітаптан басқа түк жоқ қой!» – дейді. Ғалым кісі: «Сенде де түк жоқ қой, бір дорбаңнан басқа! – дейді. Жолаушы: «Мен жолаушымын, маған дүние не керек?! Дорбамда тек керек заттар, орамал, сабыным, жайнамазым, бір үзім наным бар, бір қаладан екінші қалаға бара жатырмын!» – дейді. Сонда ғалым: «Маған да дүние не керек?! Мен де жолаушымын. Бесіктен шығып, ақыретке кетіп бара жатқан!» – деп жауап беріпті.
Зікір сөзі шариғи мәтіндерде «Құран», «намаз», «білім» «Алла Тағаланы еске алу» деген сияқты түрлі мағыналарда келген. Ибн Ато әл Искандарий (Алла оны рақымына алсын): «Зікір дегеніміз – Хақ Тағаланы үнемі жүректе сақтау арқылы қаперсіздіктен арылу, Алланың есімін, сипаттарын, үкімдерін, іс-әрекеттерін және Оған жақындата түсетін нәрсені тілмен де, жүрекпен де үнемі қайталау», – деп анықтама берген.
Яссауи бабамыз:
Ей, ынсапсыз, дүние – жалған, Хаққа қайтқын,
Пенде болсаң, Хақ зікірін жатпай айтқын, – деген.
Зікір – әулие жандардың әркез орындайтын амалы. Өйткені Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 41-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اذْكُرُوا اللَّهَ ذِكْرًا كَثِيرًا
«Уа, иман келтіргендер! Алланы өте көп еске алыңдар!» – деп бұйырған. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
لَا يَزَالُ لِسَانُكَ رَطْبًا بِذِكْرِاللَّهِ
«Тілің Алланы зікір етуден құрғамасын», – деген.
Ибн Салахтан: «Алла Тағаланы көп еске алушылар деген кімдер?» – деп сұрағанда, ол: «кімде-кім, таңертен және кешке шариғат бекіткен әрі Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен зікір сөздерін айтуменен Алланы еске алатын болса, онда ол, Алланы көп еске алушы ерлер мен әйелдердің қатарынан болып есептеледі», – деген.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Муфридун озып кетті», – дейді. Сонда бұл сөздің мәнісін түсінбеген сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Муфридун деген кімдер?» – деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олар Алланы көп зікір ететін әйелдер мен ерлер», – деп жауап береді (имам Ахмад).
Мұндай үнемі Алла Тағаланы еске алып жүретін әулие жандардың дұғасы қабыл болып, сұрағанына жауап беріледі. Жүніс пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) қиссасын еске алар болсақ, ол балықтың ішінде жатып: «Сенен басқа ешқандай да Құдай жоқ. Сені түрлі кемшіліктерден пәктеймін. Расында мен залымдардан болдым», – деп Жаратушысын зікір етумен болады. Кейін Жүніс пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) жағаға шығарылып, бұл сынақтан құтқарылады. Құтқарылуының себебі де Жаратушысын көп зікір етіп, дәріптеуі еді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Саффат» сүресі, 143-144-аяттарында:
فَلَوْلا أَنَّهُ كَانَ مِنْ الْمُسَبِّحِينَ. لَلَبِثَ فِي بَطْنِهِ إِلَى يَوْمِ يُبْعَثُونَ
«Егер ол Раббысын үнемі лайықты деңгейде ұлықтап, дәріптейтін жан болмағанда, қайта тірілтілетін күнге дейін сол балықтың қарнында қалар еді», – деп айтқан.
Бұл аяттан алынатын ғибрат – үнемі Алла Тағаланы дәріптеп, зікір етіп жүретін жанға қиналған кезінде міндетті түрде жәрдем беріліп, дұға-тілегі қабыл етіледі.
Қадірменді жамағат!
Әулиелік мақамға шынайы иман келтіріп, шариғат амалдарын бұлжытпай орындаумен және тақуалықпен ғана жетуге болады. Ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың әулие құлдары деген кімдер?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الَّذِينَ إِذَا رُءُوا ذُكِرَ اللهُ عَزَّ وَجَلَّ
«Олар сондай кісілер, оларды көрген кезде Алла еске түседі», – деп айтады.
Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде жоғарыда айтылған сипаттардан бөлек әулие, тақуа мүминдер Алла Тағаланы барлығынан артық жақсы көреді, намазды кемел түрде оқиды, аманатқа берік болады, сауапты іске асығады делінген өзге де көптеген сипаттары баяндалған. Мұндай сипаттарды оқи отыра әрбір мұсылман адам оған амал етуге, соны іске асыруға тырысуы қажет. Сонда ол Алла Тағаланың сүйген құлдары қатарынан болып, екі дүниенің бақытына қол жеткізетін болады.
Алла Тағала біздерді ізгі амалдарда тұрақты етіп, Оның сүйіспеншілігіне бөленген жандардан болуымызды жазып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл алғай!
Пікір қалдыру