БАС МҮФТИДІҢ ҚҰРБАН АЙТПЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

 Қадірлі отандастар!

Сіздерді мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Айт қабыл болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.

Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы тереңде жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.

Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Құдайдың нәсіп еткен нығметтің бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуанышқа бөлейді. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау», –  деген.

Үлкеннің, көмекке мұқтаж жандардың алғысын алып, батасына бөлену – айт кезінде орындалатын сауапты істің бірі. Мұсылман баласының ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, оны мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, алғысын алуға тырысатыны сондықтан.

Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айтты атап өтудің негізгі мақсаты – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін берекелі сәттерде халқымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік.

Құрметті халайық!

Алла қаласа осы жылы да елімізде құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өтеді. Діни басқарма ел азаматтарына, әсіресе қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2024.kz сайтын іске қосты. Құрбандық шалу рәсімін басқа біреуге тапсырып, оны осы істе өкіл етуге дінімізде рұқсат берілген.

Өздеріңізге белгілі, өткен жылы мүфтият қызметкерлері «Раббың үшін құрбан шал» қайырымдылық жобасы аясында 1 104 тонна құрбандық етін 123 594 отбасыға, сонымен қатар мүгедектер, зағиптар қоры, ауруханалар мен ардагерлер үйіне жеткізіп берді. Бұйырса биыл да осы бағыттағы қайырымдылық іс-шараларды жүзеге асырамыз.

Құрбандық еті әсіресе су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға, қараусыз қалған қарттарға, жалпы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға таратылады. Еліміздегі барша мұсылман қауымын сауапты іске үлес қосып, белсенді болуға үндеймін.

Қадірлі жамағат!

Бүгінде әлем мұсылмандары қасиетті Мекке қаласында қажылық жасауда. Солардың қатарында парызын өтеп жүрген 5 мыңнан астам отандасымыздың ниеті, халқымызға жасап жатқан дұғасы қабыл болып, елімізге аман-есен оралуын тілейміз.

Алла Тағала байтақ даламызға берекесін жаудырып, шалған құрбандықтарымызды, берген садақаларымызды, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істерімізді қабыл еткей. Әмин!