“ҚАСАПШЫЛЫҚ – ЖАУАПТЫ ҺӘМ САУАПТЫ ІС”

ҚМДБ, Абай облысы өкілдігі алда келе жатқан Құрбан айт мерекесіне тыңғылықты дайындықты бастап кетті. Құрбан айтқа дейін атқарылуға тиісті маңызды шаралардың бірі – сойылған малдың етінің адалдығына жауапты мамандар, яғни,  қасапшылардың білімін арттыру ісі. Осы орайда Абай облысы қасапшылары ҚМДБ мамандары тарапынан ұйымдастырылған “ҚАСАПШЫЛЫҚ – ЖАУАПТЫ ҺӘМ САУАПТЫ ІС” атты онлайн семинарға қатысып, білімдерін арттырды.

Семинар барысында шариғат бойынша мал союдың шарттары мен әдептері, құрбандыққа жарамды малдардың сипаттары мен жастары секілді бірқатар мәселелер қозғалды.

Ислам ережелеріне сай мал бауыздау – жануардың қиналмауына да, мал етінің гигиеналық тұрғыдан таза болуына да және ең бастысы сол етті тұтынушының денсаулығына пайдалы болу жағынан да ең тиімді әдіс. Мұны бүгінгі таңда ғылым да дәлелдеп отыр.

Шариғатымызда малды азаптауға, көзінше пышақ қайрауға, желкесінен бастап союға, электр тогы бар құрылғы, балға, балта және тағы да басқа ауыр заттармен жарақат тигізіп талдыруға тыйым салынған. Сондай-ақ басын денесінен бөлуге, тірідей терісін сыпыруға, ыстық суға салуға, денесінің бір бөлшегін кесуге болмайды.

Мал сою ерікті және еріксіз деп екіге бөлінеді. Ерікті түрі – кез-келген адамның қажеттілігіне қарай сойылатын мал. Ондай малды бауыздағанда екі күре тамыры мен кеңірдек пен өңеші қатар кесіледі. Малдың жаны шықпай жатып жұлынын үзуге болмайды. Еріксіз жағдай – мал буынып өлейін деп жатса, ондай жағдайда «Бисмилланы» айтып, кез-келген тұсынан пышақ ұрып, қан шығару әдісі.

Малды сояр алдын құбылаға қаратып сол жағымен жатқызып, екі алдыңғы аяғы мен бір артқы аяғын қоса байлайды. Пышақты оған көрсетпей қайрап «Бисмиллаһи Аллаһу Акбар» деп бауыздайды. Өңеш, кеңірдек және екі күре тамырын бір мезетте кесіп, қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күтеді. Малдың қан-жүнін ашық-шашық далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн.

Осы және т.б. бірқатар мәселелер бойынша білімдерін шыңдаған қасапшылар алда келе жатқан Құрбан айтқа дайындықтарын пысықтады.