ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ АБАЙ ОБЛЫСЫ ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Абай облыстық Абай Құнанбайұлы атындағы орталық кітапханасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы мен Абай облысы имамдарының кездесу жиыны өтті. Сондай-ақ, жиынға Абай облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Серікқазыұлы және Абай облыстық Дін істері басқармасының мамандары да қатысты.

Келелі бас қосуда президент кеңесшісі осы жылы 15-16 наурызда Атырау қаласында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбындағы ІІІ Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ерекше тоқталған ынтымақ пен бірлікке бекем болу, рушылдық пен жершілдік дерттерінен арылу, мемлекетшілдік ұстанымды дәріптеу, қоғамдық мәдениетті көтеру, озық ұлтқа айналу жолында халықты білім-ғылымға шақырып, жастарымызды сауаттылыққа бейімдеу мәселелері туралы сөз қозғады.

Сондай-ақ, Абай облысы дін қызметкерлерімен екінші мәрте кездесіп отырған Мәлік Нұржанұлы емен-жарқын сұхбат құрып, ел бірлігін нығайтуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарып отырған істеріне жоғары баға беріп, алғысын жеткізе келе, имамдарымыздың осы көктемдегі еліміздің солтүстік-батыс өңірлерінде орын алған табиғи апаттар кезінде еліміздің бірлігі мен ынтымағаның, өзара жанашырлығының жарқын үлгісін паш етуге сіңірген ерен еңбектерін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, қоғамдық мәдениетімізді жоғарылату жолында еліміздің рухани сұранысын ескере отырып, жан-жақты сауатты да, салмақты насихаттардың қажет екендігін де еске салды.

Өз кезегінде Абай облысы имамдары да мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталып, дін қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып, халыққа сапалы өнім ұсынулары үшін ҚР Дін істері басқармасы мамандарымен  бірлесе жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін баяндап, өз тараптарынан бірқатар ұсыныстары мен сұрақтарын жеткізді.

Атап айтқанда, мектептерімізде оқытылып жатқан Дінтану пәндерінің сапасы сын көтермейтіндігін айтып, аталмыш пәннен дәріс беруге арнаулы оқу орындарын бітірген, әрі, діни қызмет саласында тәжірибелері мол имамдарымыздың тартылуы туралы ұсыныстарын айтты.

Сондай-ақ, соңғы уақытта елдігімізге сызат түсіруге тырысып, діни алауыздыққа итермелеп жүрген Тәңіршілдік ұғымын тықпалаушылардың әрекетін де назарда ұстауды ұсынып, дұрыс еленбей қалған жағдайда келешекте елдігімізге нұқсан келтіре ме деген қауіптері бар екенін де жасырмады. Тәңіршілідік бір ойлау жүйесі дегенмен, ой түсінікке, түсінік ұстанымға айналары сөзсіз.

Абай облысының ақсақал имамы Нұрбек қажы Назерұлы имамдарға арналған түрлі тақырыптардағы семинар-тренингтерғ конференциялар мен ғылыми бас қосулар ұйымдастырылса, дін мамандары мұны қуана қабылдайтындығы сөзсіз екендігін айтты.

Бұл жиын алдағы уақытта да жалғасын тауып, игі бастамаларға себепші болса деген тілегіміз бар.

Абай облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі