АБАЙ ОБЛЫСЫ: ТҰҢҒЫШ ҚАРИЛАР ТОЙЫ

Бүгін Абай облысының мұсылман қауымы үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Олай дейтініміз, барша дін жанашырлары мен дін қызметінде жүрген ұстаз-имамдарымыздың үкілеген үміті, Алладан тілеген дұғалары мен қажырлы еңбектерінің жемісі, осыдан 3 жыл бұрын ашылған Хакім Хазрет медресесінің ең алғашқы шәкірттері қасиетті Құран Кәрімді толық жаттап қари атанды.
Осынау қуанышты күнге куә болып, Абай облысы халқының қуанышына ортақтасу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен имамдар мен ұстаздар, белсенді жамағаттар арнайы келді.
«Қарилар тойы» деген атпен өткен ерекше жиынның алдында өңірімізден шыққан тұңғыш қариларымыз Алтынбек Мақсатұлы, Мұстафа Самиғуллаұлы, Райымбек Бауыржанұлы қариларға елімізге белгілі қари, дін ғалымы, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Ерсін Әміре ұстаз бен ҚМДБ Құран Секторының меңгерушісі Ахметв Серік қари арнаулы сертификат табыстап, Республикалық қарилар дайындау орталығының директоры, белгілі қари Сәдуақас қари Олжабай ұстазымыз ақ батасын берді.
Өңіріміздің ақ жаулықты әжелері облысымыздан шыққан тұңғыш қариларымыз бен осындай ізгі ұрпақтарды өмірге әкелген ата-аналарына шашуларын шашып, Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы облыс жамағаты атынан қариларымызға 3 жыл бойы тәлім берген Хакім Хазрет мешітінің бас имамы Ғалымбек Әзімбайұлы мен ұстаз Байбатыр Шыңғысбекұлына ерекше алғыс айтып, Умра қажылығына жолдама табыстады. Сондай-ақ, шәкірттеріміздің адал астарын даярлап жүрген аспаз апайымызға да Умра қажылығы сыйланды.
Ізгі шара Абай Құнанбайұлы атындағы облыстық орталық мешіт жанындағы Дін мен дәстүр орталығында мерекелік кешпен жалғасын тауып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарымыз бен қала тұрғындарына арнайы ақ дастарқан жайылды.
Елімізге белгілі Ерсін Әміре, Ризабек Батталұлы, Айбек Омар, Ербол қари Отанханұлы сынды дін саласындағы білікті мамандар жиналған көпшілікке ыстық ықыластары мен «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас», – деп Абай атамыз жырлағандай Алланың Хақ сөзі Құран Кәрімнің қадір-қасиеті туралы насихаттарын айтса, әр тараптан келген жамағаттар қуанышты тойға сыйлықтарын атады.
Сондай-ақ, өңіріміздің мәрт халқы келген қонақтарды да сыйсыз қайтармады. Ұстаздарымызға тұлпар мінгізіп, барша қонақтарға түрлі кәдесыйлар табыстады.
Рухани кеште мәнді уағыз-насихаттар да, жүрек тебірентер дәстүрлі жырлар да, жүрекжарды тілектер де айтылды. Еліміздің әр өңіріне осындай қуанышты той, екі дүниелік бақытқа жеткізер ғибратты жиын тілейміз!