АБАЙ ОБЛЫСЫ: БАС ИМАМ ӘКЕ МЕКТЕБІ ТУРАЛЫ ДӘРІС ОҚЫДЫ

Бүгін Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы «Отбасы күні» мерекесі қарсаңында Абай облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Әке – асқар тау, биік шың» тақырыбында өткен жас әкелермен кездесуге спикер ретінде қатысып «Әке мектебі» тақырыбында дәріс оқыды.

Асқар қажы Әбітайұлы жас әкелерге «Әке болудың» қаншама адам армандап жүрген бақыт екенін жеткізіп, әкенің отбасы алдындағы жауапкершілігінің үлкен екендігіне тоқталды.

«Әке мен бала арасында үлкен бір рухани байланыс бар. Мұның орнын әкеден басқа ешкім толтыра алмайды. Сол үшін, әке отбасын асырап жүрмін дегенді сылтау қылмай, баласының тәрбиесіне де жеткілікті түрде мән беруі керек. Жұмыстан тыс уақытта балаларымызбен сөйлесіп, сырласып, оларға өз іс-әрекеттерімізбен үлгі бола білу аса маңызды. Қазақта «Әкеге қарап ұл өседі», – деген нақыл сөз бар. Сондықтан, әке баласына жақсы үлгі көрсетуге міндетті», – деп атап өтті Асқар қажы Әбітайұлы.

Сондай-ақ, бас имам қазақ халқының тарихтағы бала тәрбиелеу тәсілдеріне тоқталып, бала тәрбиесіндегі ата-әже мен ұстаздың рөлінің де маңыздылығы жайлы сөз ете келе, қазіргі таңдағы бала тәрбиесінде жіберіп жатқан олқылықтарымызды да айта келіп, соның қатарында қазақ балаларының тілдері басқа тілде шығып жатқанының немқұрайлы қарайтын мәселе емес екенін еске салды.

Сонымен қатар, бұл кездесуге ардагер ұстаз, Абай облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Жақсыбек Жиенбайұлы, №4 Жалпы орта білім мектебінің Дене шынықтыру пәні мұғалімі Қыдырбеков Ержан қатысып, жас әкелерге өз кеңестерін айтты.

Рухани кездесу қатысушыларға ой саларлық берекелі жиын болды деп үміттенеміз.