Семей қалалық Хакім Хазрет мешітінің имамы Ғалымбек Әзімбайұлы өз өтініші негізінде қызметінен босатылып, орнына аталмыш мешітте наиб имам қызметін атқарып келген қари ұстаз Байбатыр Шыңғысбекұлы имам болып тағайындалды.
Байбатыр Шыңғысбекұлы – Нұр-Мүбәрак университетінің түлегі, Құран Кәрімді толық жаттап, ижаза алған өңірімізге белгілі қари. Бірнеше жылдан бері Хакім Хазрет мешітінде қызмет етіп, мешіт жанындағы Құран жаттау орталығында ұстаздық қылып келеді.
Хакім Хазрет мешітінде Жұма уағызын жүргізген Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы мешіт ашылғаннан бері 3 жыл уақыт Абай облысының дін саласына жемісті қызмет етіп, қаламыздан тұңғыш қариларды шығарған Ғалымбек Әзімбайұлына рахметін айтып, Алғыс хат табыстады. Ал, мешіт жамағаттары Ғалымбек имамға шапан жауып, астына ат мінгізді.
Сондай-ақ, Хакім Хазрет мешіті тағы да білікті кадрлармен толықты. Атап айтар болсақ, Астана медресесінің түлегі Бірлікұлы Сұңқар мешітке наиб имам қызметіне, Сарығаш медресесінің түлегі Мұрагер Ерланұлы ұстаздық қызметке тағайындалды. Абай облыстық Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіттің наиб имамы Ерлан Досымұлы жаңа қызметкерлердің бұйрықтарын оқып, Жұмаға жиналған жамағатқа таныстырып, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Пікір қалдыру