СЕМЕЙ – РУХАНИЯТ ОРДАСЫ

Семей шаһары – Алаш жұртының рухани ордасы. Семей қаласының өзінде 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін 12 мешіт пен 9 медресе жұмыс істеген. Ал, тәуелсіз Қазақстанға сол мешіттердің тек 4-уі ғана аман-есен жеткен. Оның өзінде тек екеуі ғана Кеңес өкіметі тұсында да мешіт ретінде қызмет етіп тұрды. Еліміз егемендігін алып, етек-жеңін жиып, жоғалтқанын тауып, бабаларымыздың сара жолына оралуға мүмкіндік туған уақытта халықтың рухани сұранысына орай мешіттеріміз қайта бой көтере бастады.

Қазіргі таңда Семей қаласында 17 мешіт халыққа рухани қызмет көрсетіп тұр. Оның 4-уі көне тарихи мешіттер болса, 13 мешіт тәуелсіздік жылдарында халықтың қолдауымен, кәсіпкерлердің үлесімен, жергілікті әкімшіліктің демеуімен салынды. Әсіресе, соңғы жылдары өңірімізде құлшылық үйлерімен қатар, шәкірт тәрбиелеп, жастарды рухани ілім нәрімен сусындататын медреселердің бой көтеру қарқыны үдей түсті. Хакім Хазрет, Ахметсафа, Әбу Бәкір Сыддық, Хазрет Әли, Тана мырза мешіттері соңғы 3-4 жылда бой көтерген ізгілік ордаларының қатарында. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы құрылысы тоқтап қалған орталық мешіт құрылысы толық аяқталып, Абай облыстық Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіт атауын алып, қаламыздың рухани өміріне серпіліс әкелумен ғана шектелмей, сәулетіне де ерекше сән беріп тұрғанына да 3 жылдың жүзі болды.

Ислам діні білім-ғылымға ерекше көңіл бөлетіні әмбеге аян. Соның ішінде Алланы танып, адал-арамды, адамгершілік, ар ілімдерін үйренудің маңызы тіптен зор. Қазіргі таңда осы бір жауапты қызметтің үдесінен шығып, жастарымыздың бойына рухани ілім нәрін сіңіруге «Қарлығаштың қанатымен су сепкендей» болсын қызмет етіп жатқан Хакім Хазрет қайырымдылық мекемесінен қаламыздың алғашқы қарилары түлеп ұшты. Атап айтқанда, ашылғанынан бері 3 жылдың ішінде 3 шәкіртіміз Құран Кәрімді толық жаттап, қари атанды.

Сондай-ақ, биылғы жылы қала руханияты үшін ерекше жылдардың бірі болды. Абай Құнанбайұлы атындағы облыстық орталық мешіті жанындағы кешенді ғимараттың құрылысы аяқталып, 300 адамға дастарқан жаюға болатын «Дін мен дәстүр» орталығы және 100 адамға арналған «Студенттер үйі» халық игілігіне берілді.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарлық баяндамасы негізінде бастау алған мешіт жанындағы студенттерге арналған орталықта 100 студентке арналған жатақхана, дәріс сыныптары, асхана, медпункт, тазалық бөлмесі толықтай қамытылып, заманауи шарттарға толықтай сай жабдықталған.

Қаламыздың рухани өмірінің алға жылжуына жергілікті әкімшілік өкілдерінің де қосып отырған үлесі үлкен екенін де білгеніміз жөн. Әрқашан бірлік, ауызбіршілік болған жерде ілгері даму да бола береді.

Бір кездері Алашорданың орталығы болған Семей шаһарының келешегі әлі алда деп ойлаймыз. Қай жағынан алғанда да барша қазақ жұртына үлгі болуға Абай елінің потенциалы жетері сөсзсіз.