ҚМДБ “Зекет және қайырымдылық” қоры Абай облыстық филиалы мен Абай облысы Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен “Қарттарға құрмет – жастарға міндет” атты рухани іс-шара өтті.
Атап айтқанда, Семей қаласындағы қарттар үйіндегі ата-әжелерге құрмет көрсетіліп, дәстүрлі ән-күйден шашу шашылып, “Балаға азан шақырып ат қою”, “Сәбиді бесікке бөлеу” дәстүрлері көрсетілді. Сондай-ақ, қарияларға арнайы сыйлықтар табысталып, көңілдерін көтеретін ойындар ойнатылды.
Өз кезегінде қарттарымыз рухани сергіп, бір серпіліп қалды. Осы игі іске мұрындық болған барша жандарға разылықтарын білдіріп, баталарын берді.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде “Қарттарға құрмет көрсетпеген, кішкентайларға мейірімділік танытпаған адам біздің жолымызда емес”, – десе, басқа бір өсиетінде “Бір қарияға құрмет көрсеткен жас адамға Алла Тағала қартайған шағында дәл солай құрмет көрсететін жасты кездестіріп қояды”, – деген екен.
Сол үшін, әрдайым үлкендерімізге құрмет көрсетіп, қазыналы қарияларымызды ардақтау – біздің мұсылмандық міндетіміз екенін есімізден шығармағанымыз жөн.
Пікір қалдыру