ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Абай облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен және ел ағалары мен кәсіпкер азаматтардың қолдауымен Семей қаласында тілсіз жаудың себебімен баспанасынан айырылған көп балалалы отбасыға жеке баспана табысталды. Бұл үй «Ел үлесі пәтерге» жобасының 784-ші баспанасы болып тіркелді.
Жақсылықтар тасада қалып, жамандық жан-жаққа тез таралып жатқан уақытта мұндай игі шараларды ел алдына шығарып, көпке көрсету де заманның талабы секілді. Сол себепті, аталмыш баспананың кілті ҚМДБ Абай облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Абай атындағы Семей мемлекеттік театрында өткен «Адалдықтың үлгісі – адамзаттың асылы» рухани Мәуліт кешінде салтанатты түрде иелеріне табысталды. Сахна төріне шыққан көп балалы отбасының атасы алғысын айтып, бастарына іс түскенде қолдау білдірген барша жанға разылығын білдірді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сан-салалы жұмыстарының бір бағыты қайырымдылық екені белгілі. Бұл бағытта «Ел үлесі пәтерге», «Жылу сыйла», «Өмірге үміт сыйла», «Рамазан қоржыны», «Раббың үшін құрбан шал» және т.б. бірқатар жобалар мен акциялар жыл бойы тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Пікір қалдыру