Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы РАНТ (Республикалық ақпараттық-насихат тобы) мүшесі, Балаби қари Құран жаттау орталығының директоры Қуанышбаев Арман Баймаханұлы Абай облысына жұмыс сапарымен келді. Қызметтік іс-сапары барысында бірқатар кездесулер өткізіп, іс-шараларға қатысты.
Атап айтқанда, таңертең Абай облысына қарасты Бородулиха ауданына ат басын бұрып, аудандық әкімшілік мамандары, аудан имамы және белсенді жастармен кездесу өткізіп, өңірдің діни ахуалы жайлы сұхбат құрды. Сондай-ақ, аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан мешіттің жағдайымен танысып, қазақ елін Алла үйінің құрылысына көмек қолын созуға шақырды.
Түстен кейін Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан университетінде студенттермен кездесіп, білім-ғылымның артықшылығы туралы насихат айтты. Сондай-ақ, студенттер тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға жауап берді.
Кешкілік Семей қалалық Қос мұнаралы мешітте Абай елі жамағатына “Исламды өміріңе енгізу” тақырыбында уағыз-насихат айтып, дұрыс діни сенімнің маңыздылығы, дініміздегі көркем мінез-құлықтың орны туралы сөз өрбітті. Кездесу соңында жамағат ұстазға жүрекжарды алғыстарын жеткізді.
Пікір қалдыру