Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Дініміз мұсылмандарға көрші ақысына үлкен мән беруді бұйырған. Көршіні құрметтеп, оған жақсылық жасау игі де сауапты іс. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَاعْبُدُواْ اللَّهَ وَلاَ تُشْرِكُواْ بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالجَنبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ
«Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені ортақ етіп қоспаңдар. Ата-анаға, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар», – деп айтқан («Ниса» сүресінің, 36-аят).
Аятта көршінің жақын көрші және бөгде көрші болатындығы жайында екі түрі айтылған. Жақын көршінің екі ақысы бар: жақындығы және көршілігі. Ал алыс көршінің ақысы – көршілік ақы. Мұсылман адам екеуіне де құрмет көрсетіп, жақсылық жасауы тиіс. Әрине, екі ақының әуелгісінің ақысы үлкенірек. Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Бірде мен Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Менің екі көршім бар, соның қайсысына сыйлық берейін?» – деп сұрадым. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِلَى أَقْرَبِهِمَا مِنْكِ بَابًا
«Есігі ең жақын орналасқанына», – деп жауап берді», – деген (имам Бұхари).
Сонымен қатар көршінің ақысы жағдайға қарай өзгереді. Айталық, көршісі мұсылман болса, оның екі ақысы бар: бірі – мұсылмандық, екіншісі – көршілік. Ал туысқан мұсылман болса, онда үш ақысы бар: біріншісі – туысқандық, екіншісі – мұсылмандық, үшіншісі – көршілік. Егерде мұсылман емес, өзге дін өкілі болса, оның бір ақысы бар. Ол – көрші ақысы.
Әдетте адам қандай да бір жәдемге мұқтаж болып, қиындыққа тап болғанда қасынан табылатын адам көршісі. Қуаныш пен қиындық кезінде қол созып, күнделікті тіршілік барысында араласып тұратындықтан көршілер жақын, туыс адам сияқты болып кетеді. Дана халқымыз мұндайда: «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық», – деп айтқан. «Ауыл болсаң, қауым бол, көрші болсаң, тату бол», – деп күнделікті өміріміздің бір бөлігі деп танылған көршілермен тату болуды насихат еткен.
Сондықтан да мұсылман адам көршілермен жақсы қарым-қатынаста болып, көркем әдеп көрсете білуі тиіс. Көршілік әдепке мынадай амалдар жатады:
Күнделікті араласып, көрісіп тұратындықтан адамның бақытты өмір сүруі үшін көршісінің жақсы болуының маңызы үлкен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أَرْبَعٌ مِنَ السَّعَادَةِ : الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ ، وَالْمَسْكَنُ الْوَاسِعُ ، وَالْجَارُ الصَّالِحُ ، وَالْمَرْكَبُ الْهَنِيءُ
«Бақыттың белгісі төртеу: ізгі жар, кең үй, жақсы көрші, ыңғайлы көлік», – деген (имам Ахмад).
Жүсіп Баласағұни бабамыздың: «Үй сатып алсаң – көршіңе қара, жер сатып алсаң – суына қара», – деп өсиет айтуында да осындай үлкен мән-мағына бар. Жақсы көрші араласып, сыйласқанға жақсы болумен қатар, ол ізгі адам болғандықтан бала-шағасының тәрбиесі де дұрыс болады. Мұндай ізгі шаңырақта тәрбие көрген балалармен ойнап өскен өзге балалар да дұрыс өнеге, көркем тәрбие алады. Осыны ескерген халқымыз: «Ұлың өссе, ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе, қызы жақсымен көрші бол», – деген.
Ертеде Лұқман хакімнің бір шаһарда екі үйі болыпты. Бірі хан сарайындай үлкен болса, бірі шағын, жұпыны екен. Бір күні Лұқман хакім өзге қалаға көшпек болып, үйлерін сатпақ болады. Сонда ол кең сарайлы үйін арзанға, ал лашығын қымбатқа бағалайды. Алушы түсінбей, оның мәнісін сұрайды. Лұқман хакім: «Мына үйім лашық болғанмен, көршім – жақсы адам. Ондай көршіні Алла өзі нәсіп етпесе, іздеп таба алмайсыз. Сондықтан үйдің құнын емес, абзал көршімді қымбатқа бағаладым, – депті.
Бір күні Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Алладан бұл дүниедегі жәннаттағы көршісін көрсетуін сұрайды. Сол кезде Жебірейіл періште келіп: «Сенің жәннатағы серігің пәленше жерде тұратын пәленше деген қасапшы», – деп жауап береді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) қасапшының дүкеніне барған кезде ет сатумен айналысып жатқан жас жігіт екенін көреді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) әлгі жігіттің істерін жақыннан бақылап көреді, бірақ ешбір ерекшелікті байқамайды. Түн болған кезде қасапшы аздап ет алып үйіне қайтады. Мұса пайғамбар да (оған Алланың сәлемі болсын) оған ілесіп, қонақ етуін өтініп, бірақ өзін таныстырмайды. Жігіт Мұсаны (оған Алланың сәлемі болсын) кең пейілімен қарсы алып, үйіне кіргізіп қонақ етеді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) бақылауын жалғастырады. Әлгі жігіт тамақ дайындап, үйіндегі бір қарт әжені жуындырып, киімін ауыстырып, қолымен тамақ береді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) әлгі қарияның түсініксіз тілде бір нәрсе айтқанын естиді. Қарияны тамақтандырғаннан кейін жігіт қонағын күтіп, тағам әкеліп, бірге тамақ іше бастайды. Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) жігіттен қарт әже жайында сұрайды. Жігіт: «Бұл менің анам. Оған осылайша қызмет етемін», – деп жауап береді. Содан кейін Мұса (оған Алланың сәлемі болсын): «Анаң өз тілінде не деп айтты?» – деп сұрайды. Жігіт: «Мен әркез осылай анамның қызметін жасаған кезімде ол: «Алла Тағала ақыретте Мұса пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) саған көрші етсін!» – деп дұға етеді. Мен сияқты жұмыр басты пендеге пайғамбармен көрші болу қайдан бұйырсын?» – дейді. Сол кезде Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Онда мен сені сүйіншілейін! Алла Тағала сенің анаңның дұғасын қабыл етті. Сенің ақыреттік көршің мен боламын», – дейді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ كَانَ يُؤْمِنْ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَلْيُكْرِمْ جَارَهُ
«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда өзінің көршісін құрметтесін», – деп айтқан (имам Бұхари, Мүслим).
Бұл хадисте көршіні құрметтеу Аллаға және ақыретке иман келтірудің бір көрінісі екендігі баяндалған. Яғни, Аллаға иман келтірген, ақыреттің бар екенін мойындап, ертең әрбір ісіміз үшін есеп берілетін күннің болатынына сенген адам бұл дүниеде діннің әмірлерін орындап, тыйыл дегендерінен тыйыла білуі қажет. Осындай маңызды әмірлердің бірі – көршіні құрметтеп, оған жақсылық жасау.
Ислам тарихында Мекке мүшріктерінен қысым көрген мұсылмандар Хабашстанға қоныс аударып барған уақытта, Жағфар ибн Әбу Талиб есімді сахаба Хабашстан патшасы Ән-Нажашиге былай деп айтады: «Алла Тағала бізге өз арамыздан Пайғамбар жіберді. Оның шыққан тегін, шыншыл екендігін, аманатқа қиянат жасамайтындығын, арының таза екендігін жақсы білеміз. Ол бізді Алла Тағаланы жалғыз деп білуге, Оған ғана құлшылық етуге шақырды. Біз және біздің бұрынғы бабаларымыз құлшылық жасаған тастар мен пұттарға сыйынбауымызды бұйырды. Сонымен қатар, бізге сөзде шыншыл болуға, аманатты орындауға, туыстық қатынасты сақтауға, көршіге жақсылық жасауға бұйырып, харам істерден, қан төгуден, арсыздықтан, өтірік ант беруден, жетімнің ақысын жеуден, ары таза әйелдерге күнә тағудан тыйды» (имам Ахмад).
Көршіні құрметтеп, жақсылық жасауға мынадай істер жатады: көршіге сәлем беру және сәлем берсе қайтару, қонаққа шақырса бару, қуаныш кезінде құттықтау, кейбір көршілерден келген қиындықты көтере білу, көршінің айыбын жасырып, арын сақтау, қаза жағдайда көңіл айту, жеміс-жидек немесе қандай да бір тағам түрін сатып алған кезде бір бөлігін көршіге сыйлау, көршіге кешірімді, жұмсақ болу, көршіні орынсыз айыптамау, көршіге ыңғайлы уақытта қал-жағдайын сұрап бару, мұқтаж көршіге көмектесу, маңызды істерде көршімен ақылдасу.
Көршілер әлеуеттік жағдайына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Бір адамның жағдайы жақсы, ал бірі мұқтаж отбасы болуы да ықтимал. Осындай кезде жағдайы жақсы отбасылар қасындағы мұқтаж отбасылардың қал-жағдайын сұрап, жәрдемдесіп, зекет пен садақасын беріп тұрғаны дұрыс. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَا آمَنَ بِي مَنْ بَاتَ شَبْعَانَ وَجَارُهُ جَائِعٌ إِلَى جَنْبِهِ، وَهُوَ يَعْلَمُ بِهِ
«Жанындағы көршісі аш екенін біле тұра, өзі тоқ болып жатқан адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды», – деген (имам Бәззар).
Бірде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көршінің ақысы не екенін білесіңдер ме?! Ол сенен жәрдем сұраса жәрдем етуің, жақтасуыңды сұраса жақтасуың. Қарыз сұраса, қарыз беруің және кедейленіп, қайтаруға жағдайы болмай калса, кайтарып алмауың. Науқастанса көңілін сұрауың. Қайтыс болса, жаназасында болуың. Басына жақсылық келсе, құттықтауың, жамандық келсе, көңіл білдіруің. Үйіңді одан биік етіп салып, оған жел соғуына кедергі болмауың! Тек қана оның рұқсатымен биік қылып салуың. Оған зиян бермеуің! Егер жеміс-жидек сатып алсаң, оған тарту ет. Егер ондай мүмкіндігің болмаса, онда үйіңе жасырын алып бар. Балаң көшеге алып шығып, оның баласының көзін қызықтырмасын. Қазаныңның бұрқыраған иісімен оған зиян берме. Оған да асыңнан бере алатын болсаң, қазаныңдағы қайнаған астың иісін сездірсең болады», – деген.
Қуаныш, той-домалақта қуанышына ортақтасу, құрылыс салып жатса қол ұшын тигізу, сынаққа тап болса жәрдемдесу, насихатқа мұқтаж болса насихат айту сынды істер де көршілік жәрдемге жатады. Құрбандық малын шалса да үш бөлікке бөліп, бір бөлігін – туған-туыс, көршілеріне, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беру мустахаб.
Бірде көршісінің қарызынан құтылу үшін үйін сатпақшы болғаны Ибн Муқаффаның құлағына жетеді. Ол сол көршінің үйінің көлеңкесінде көлеңкелеп отырушы еді. Егер көршім үйін жоқшылықтан сататын болса, онда көршілік міндетімді атқармаған екенмін дейді. Сосын көршісіне үйінің құнындай ақша беріп: «Үйіңді сатпа» деген екен.
Көршілерінің ішінде қазалы отбасы болса, өзге көршілері жәрдемдесуі қажет. Абдулла ибн Жағфар (Алла оған разы болсын) былай деген: «Әкем Жағфардың дүниеден өткендігін естіген Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) (жанындағыларға): «Жағфардың жанұясына тамақ әзірлеңдер. Өйткені олар өздеріне тамақ дайындай алмайтын жағдайға душар болды. Ол отбасы мынадай қайғы жамылған сәтте тамақ дайындай алмайды», – деп бұйырған.
Бір елді мекенде үш мұсылман көршінің дүкені қатар орналасқан екен. Өзге жақтан саяхаттап келген бір адам нан, қант, күріш алмақшы болып әлгі дүкеннің біріне кіріп, нан сатып алып, енді қанттың бағасын сұрамақшы болғанында, сатушы: «Бүгіндікке менің саудам жүрді. Осыған да шүкір. Егер мүмкіндік болса, қантты мына жанымдағы көршілерімнің дүкенінен алсаңыз жақсы болар еді. Олардың бүгін саудасы жүрмеді», – деген екен. Саяхатшы таңғалып, екінші дүкенге барып қант сатып алады. Енді күріштің бағасын сұрағанында, ол сатушы да: «Бүгіндікке менің саудам жүрді. Мына екі көршімнің дүкенінде де күріш бар. Күрішті солардан алсаңыз жақсы болар еді» – деген екен. Саяхатшы одан әрі таңданып, үшінші дүкенге кіріп күріш сатып алады. Сонда сатушы: «Егер тағы бір зат алғыңыз келсе, көршілерімнің дүкені бар еді. Олардың бүгін саудасы жүрмеген болар. Солардан сауда жасасаңыз», – деген екен.
Бұл үш көршінің өзара жанашырлығына қатты таңғалған әлгі адам оның себебін білгісі келеді. Осылайша асыл дініміздегі көршілік ақының мән-мағынасын ұғынып, кәлима айтып, мұсылман болған екен.
Мұсылман адам ешбір адамға қолымен де тілімен де зиян тигізуіне болмайды. Әсіресе көршіге зиян тигізуден аса сақ болғаны жөн. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِفَلا يُؤْذِ جَارَهُ
«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне еш зиянын тигізбесін», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Әбу Шурайхтан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға ант, ол иман келтірмеді! Аллаған ант, ол иман келтірмеді! Аллаған ант, ол иман келтірмеді!» – деп үш рет қайталайды. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Ол кім?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оның зиян келтірмейтіндігіне көршісі сенімді болмаған адам», – деген (имам Бұхари). Яғни, көршісінің сенімінен айрылған адам толық иман келтірген болып есептелмейді дегенді білдіреді.
Мұсылман адам көршіге зиян тигізбеумен қатар, көршісі білмей зиян тигізіп жатса, оған сабыр ете білуі тиіс. Имам Ғазали былай дейді: «Біліп қой, көрші ақысы оған зиян бермеу ғана емес. Сонымен қатар оның тиігізген зиянына төзімділікпен қарау. Зиянға сабыр ету де жеткіліксіз. Кейде көрші зиян бермей, ешқандай ақы өтелмеген болады. Сондықтан да сабыр етумен қатар көршіге мейірімділік таныту, жақсылықтар жасау қажет», – деген.
Құрылыс жұмыстарын жасағанда көршіге зиян тимейтіндей, ақылдасып, ризалығын алған дұрыс. Ол құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатса да себепсіз араласып, зиян тигізбеу қажет. Қайта осындай мүмкіндікті пайдаланып, жәрдемдесіп, сауап алып қалуға тырысу қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
لاَ يَمْنَعُ جَارٌ جَارَهَ أَنْ يَغْرِزَ خَشَبَهُ فِي جِدَارِهِ
«Көрші өз үйінің қабырғасына көршісінің бөрене тіреуіне тыйым салмауы тиіс», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Бір тақуа адамның үйіне тышқан қаптап кеткен екен. Оған өзге адамдар мысық асырауға кеңес беріпті. Сонда ол: «Мысықты көрген тышқандар көршілердің үйіне қашып кетіп, өзіме жақсы көрмеген нәрсені оларға қалаған болудан қорқамын», – деген екен.
Қадірменді жамағат!
Қоғамның бірлігі әрбір адамның өз отбасы мүшелерімен, туыстарымен, көршілерімен бірлікте, жақсы қарым-қатынаста болуы арқылы жүзеге асады. Осы себепті де асыл дініміз көршілік ақыны ең маңызды ақылардың бірі деп үйретеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
مَا زَالَ جِبْرِيلُ يُوصِينِي بِالْجَارِ حَتَّى ظَنَنْتُ أَنَّهُ سَيُوَرِّثُهُ
«Жәбірейіл маған көршімен жақсы қарым-қатынаста болу керектігі жайлы өсиет айтқаны соншалық, мен тіпті көршіге де мұра қалдыру керек пе деп қалдым», – деп айтқан (имам Бұхари).
Мирас адамның ең жақын туыстарына берілетіні белгілі. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «…көршіге де мұра қалдыру керек пе деп қалдым», – деу арқылы, көршінің адам баласына қаншалықты жақын екенін әрі оның ақысы қаншалықты үлкен екенін білдірген.
Алла Тағала ақыретте біздерге пайғамбарлармен, шыншылдармен көрші болуымызды нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
Пікір қалдыру