ТӘУЕЛСІЗДІК БӘРІНЕН ҚЫМБАТ…

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі жамағат!

Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманы жүзеге асып, азаттықтың ақ таңы атқан қасиетті күн.

Тәуелсіздік – Алланың бізге берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Бұл нығметті қадірлеу, сақтау, ұрпаққа аманат етіп жеткізу – әрбір мұсылманның қасиетті борышы. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Шүкір етсеңдер, нығметімді арттыра түсемін» («Ибраһим» сүресі, 7-аят) деп, шүкіршілік етуді ескертеді. Ендеше, осы тәуелсіздіктің қадірін түсініп, еліміздің бірлігі мен бейбітшілігі үшін дұға етейік.

Әрбіріміз имандылықты, әділдікті, сабыр мен қайырымдылықты насихаттай отырып, еліміздің өркендеуіне үлес қосуымыз қажет. Ұрпағымыздың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ата дініміз Исламның рухани байлығын дәріптейік.

Алла Тағала егемендігімізді баянды етіп, халқымыздың бірлігін нығайтып, әр шаңыраққа құт-береке сыйласын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың мерейі әрдайым үстем болғай!

Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Абай облысының бас имамы

Асқар қажы Әбітайұлы